ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ АУЫЛ «АЛКОГОЛЬСІЗ АУЫЛ» ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ
ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ АУЫЛ «АЛКОГОЛЬСІЗ АУЫЛ» ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ
Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылдық округі ресми түрде «Алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болды. Осылайша аудан аумағындағы барлық 14 ауылдық округ толықтай алкогольден бас тартқан елді мекендер қатарына қосылып отыр. Бұл – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.
Аталған маңызды шара аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның бірлескен үйлестіруімен ұйымдастырылып, оған аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Рахатов, аудан прокуроры Талған Бектұрсынов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Баймағанбетов, Мәдениет ауылдық округінің әкімі Ардақ Оразбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, ақсақалдар, жастар және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Рахатов бұл бастаманың қоғамдағы тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.
– «Алкогольсіз ауыл» жобасы – тек алкоголь өнімдерінен бас тарту ғана емес, бұл – салауатты өмір салтын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және жас ұрпақтың тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды қадам. Бүгінде
аудан тұрғындарының бұл бастамаға белсенді қолдау көрсетуі – қоғамның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді ол.
Өз кезегінде аудан прокуроры Талған Бектұрсынов жоба аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, соңғы жылдары аудан көлемінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Жалағаш аудандық прокуратурасының бастамасымен аудан аумағындағы барлық ауылдық округтерде «Алкогольсіз ауыл» жобасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілген. Ауыл тұрғындарымен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізілген.
Жоба аясында арнайы талдау жұмыстары жүргізіліп, соңғы бес жылда ауданда масаң күйде жасалған 80 қылмыс тіркелгені анықталған. Бұл көрсеткіш қоғамдағы құқықбұзушылықтардың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдіктермен
байланысты екенін көрсеткен.
Осыған байланысты тұрғындар арасында арнайы сауалнама ұйымдастырылып, ауыл халқының 87 пайызы «Алкогольсіз ауыл» бастамасын қолдаған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қоғамдық тәртіпке, жастар тәрбиесіне және ауыл тыныштығына бейжай қарамайтынын байқатты.
– Тұрғындардың қолдауы болмаса, мұндай жобаларды жүзеге асыру қиын. Сондықтан бұл – ең алдымен халықтың бірлігі мен ортақ жауапкершілігінің нәтижесі. Ауыл ақсақалдары, аналар кеңесі, жастар және белсенді тұрғындар бұл бастаманы қолдап, үлкен үлес қосты, – деді аудан прокуроры.
Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Баймағанбетов те сөз сөйлеп, жобаның құқықбұзушылықтың алдын алудағы тиімділігіне тоқталды.
Оның айтуынша, қабылданған шаралар бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Атап айтқанда, 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша масаң күйде жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға төмендеген. Нақты айтқанда, өткен жылы осы кезеңде 9 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 4 жағдайға дейін азайған.
Сонымен қатар тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар мен әкімшілік құқық
бұзушылықтардың да азаю үрдісі байқалған.
– Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бүгінгі бастама ауылдардағы тыныштық пен қауіпсіздікті нығайтуға үлкен ықпал етіп отыр, – деді полиция бөлімінің бастығы.
Шара барысында заңсыз алкоголь өнімдерін сатумен айналысқан тұлғаларға қатысты да заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Құқық қорғау органдары тарапынан рейдтік жұмыстар тұрақты жүргізіліп, заңсыз саудамен айналысқандар жауапкершілікке тартылуда.
Жобаға белсенді қолдау білдірген ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да өз пікірлерін ортаға салды. Олар алкогольден бас тарту ауылдағы береке мен бірлікті арттырып, жастар тәрбиесіне оң әсер етіп жатқанын жеткізді.
Мәдениет ауылдық округінің тұрғыны, ардагер ұстаздардың бірі сөз сөйлеп, соңғы уақытта ауыл ішінде тыныштықтың артқанын атап өтті.
– Бұрын түрлі келеңсіз жағдайлар кездесіп жататын. Қазір ауылда тәртіп күшейіп, жастар да салауатты өмір салтына бет бұра бастады. Бұл – өте дұрыс бастама, – деді ауыл тұрғыны.
Сонымен қатар жиында жастар өкілдері де пікір білдіріп, спортпен айналысуға, білімге және қоғамдық жұмыстарға қызығушылықтың артып келе жатқанын айтты.
Бүгінде «Алкогольсіз ауыл» бастамасы Жалағаш ауданында ғана емес, республика көлемінде де кеңінен қолдау тауып келеді. Мұндай жобалар қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
Мамандардың айтуынша, алкогольден бас тарту қоғамдық қауіпсіздікке ғана емес, халық денсаулығына да оң әсер етеді. Әсіресе жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуда мұндай бастамалардың маңызы зор.
Жалағаш ауданында жүзеге асырылған бұл жоба – құқық қорғау органдары, жергілікті билік және тұрғындардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Ауыл тұрғындарының ортақ келісімге келіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысуы ел бірлігі мен жауапкершілігінің жарқын көрінісі болды.
Жиын соңында шараға қатысушылар қоғамдағы тыныштық пен тәртіпті сақтау, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Жалпы, Жалағаш ауданындағы барлық ауылдық округтердің «Алкогольсіз ауыл» қатарына қосылуы – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жетістік ретінде бағалануда.







