Қызылордада «Заң керуені» акциясы бастау алды
Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен өңір тұрғындарымен кездесудің игі дәстүріне айналған «Заң керуені» акциясы Сырдария ауданынан бастау алды.
Мұндай форматтағы шаралар тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, жергілікті жерде жедел шешуге, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Іс-шараға облыс прокуроры Ризабек Ожаров, аудан әкімі Берік Сәрменбаев сондай-ақ құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында тұрғындардың әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынастары, тұрғын үй, еңбек, атқарушылық іс жүргізу және өзге де салалар бойынша көтерген мәселелері қаралды. Азаматтардың сауалдарына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірмелер берілді. Жекелеген мәселелер бақылауға алынды. Шара аясында азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс бойынша қылмыстылық 10 пайызға, ал Сырдария ауданында 22 пайызға төмендеген. «Заң керуені» акциясымен облыс көлеміндегі 135 елді мекендер мен аудан орталықтарын қамту жоспарлануда. Бұл ретте шараға облыс прокуратурасы қызметкерлерінен құралған топтар жасақталып, әр топқа басқарма бастықтары, облыс прокурорының аға көмекшілері және тәжірибелі қызметкерлерден жетекшілер белгіленді.![]()
Акция шеңберінде аталған топтар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, тұрғындардың мәселелерін жедел қарауға және қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады
Қызылорда облысының прокуратурасы







