Маман Алматыдан үй алуға қолайлы кезеңді атады

286
Жылжымайтын мүлік нарығында бес жылдан бері қызмет етіп жүрген маман Алматыда тұрғын үй бағасының жыл сайын миллион теңгеге қымбаттап жатқанын алға тартады. Құрылыс компаниялары бағаны не үшін көтергенін, Алматыдан үй алуға қолайлы кезең қашан туатынын айтты. 

Алматыда үй бағасы жыл сайын миллион теңгеге қымбаттап отыр
 Алматылық жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Изольда Хосаева бес жыл бойы осы нарықта көрген-түйгенімен бөлісті. 

"Мен қызмет етіп жүргелі бес жылдан асып барады. Осы уақытта Алматыда жылжымайтын мүлік бағасы тура 5 миллионға қымбаттағанын байқадым. Мен оны өзім үшін есептеп көрдім. Қарап отырсақ, жыл сайын қалада пәтер құны бір миллионға өсіп отыр. Қанша бөлмелі пәтер екенініне қарамастан. Мысалы Алматының шағын аудандарынан бес жыл бұрын бір бөлмелі пәтерді 10 миллион теңгеге сатсақ, қазір оны 15 миллионға бағалаймыз. Сол себепті әр жылы тұрақты түрде пәтер бағасына бір миллион теңге қосылып отырғанын көріп отырмыз", - дейді ол. 

Риэлтор маманның айтуынша, бүгінде қала бойынша пәтерлерге сұраныс көп. 

"Сәуір айында әлеуметтік осал топтарға арналған "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша несие беру басталады. Алғашқы жарнасы 10 пайызды, ал жылдық үстемесі екі пайызды құрайтын мемлекеттік бағдарламамен тек жаңа үйлерді емес, қолданыстағы үйлерден де баспана алуға мүмкіндік бар. Сондықтан сәуір айында баспанаға сұраныс тағы да артуы мүмкін", - дейді Изольда Хосаева.
 
Жаңа үйлердегі пәтер бағасының өсуіне не түрткі болды?

Изольда Хосаева құрылыс компанияларының үй бағасын өсіруіне не себеп болғанын топшылады.

"Құрылыс компанияларының жаңа салынып жатқан пәтер бағасын көтеруіне арматураның қымбаттауы тікелей әсер етті. Арматура бағасы былтыр желтоқсан айында бір-ақ күннің ішінде ТМД бойынша 30 пайызға қымбаттап кеткен. Сәйкесінше, құрылыс компаниялары бір мезетте шаршы метр құнын көтеруіне мәжбүр болды", - дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры. 

Изольда Хосаева пәтердің қымбаттауына зейнетақы қорынан ақшасын алушылардың нөпірі де әсер еткенін жеткізді.

"Бағаның өсуіне зейнетақы қорынан артылған ақшасын алған азаматтардың легі де түрткі болуы мүмкін. Тұрғын үй нарығы дүрлікті. Құрылыс компаниялары бағаны көтеріп еді, екінші нарықтағылар да бағаны өсіріп жіберді, менің үйім неге арзан тұруы керек деп. Қазір олар бағаны аспандатып ұстап отыр", - дейді ол.

Риэлтор Алматыдан үй сатып алуға қолайлы кезеңді атады Алматыдан үй немесе пәтер сатып алуды ойлап жүрген азаматтарға Изольда Хосаева дәл қазір әрекет етуге кеңес береді. 

"Менің айтар кеңесім, ештеңені күтпеңіздер. Егер бағасы ұнап тұрса, сәл саудаласып, ала беріңіз. Ештеңені де күтудің қажеті жоқ. Не болары белгісіз. Жылжымайтын мүлік әсте арзандамайды. Бұны мен қазіргі ахуалға байланысты айтып отырған жоқпын. Алматыда тұрғын үй тек қымбаттау үстінде", - дейді ол.