Қызылорда облысында зауыт жұмысшылары күкірт қышқылына күйіп қалды

162

Жаңақорған ауданындағы "СКЗ-U" күкірт қышқылы зауытының екі жұмысшысы күкірт қышқылына күйіп қалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


19 маусым күні сағат 14:50 шамасында дәнекерлеушілер Мәди Оспанов пен Абай Бақтыбаев жылу алмастырғыштың штепселін ауыстырып жатқан кезде аталған оқиға орын алған.


"Дәл сол күні қатты жел соғып, жауын жауып, алай-дүлей болып кетті. Сол кезде жарық та өшіп қалған. Жұмысшылар жөндеу жұмыстарын жасап жатқанда электр жарығы қайта беріледі. Сол кезде күкірт қышқылы атқылай бастайды. Салдарынан екі дәнекерлеуші күкірт қышқылынан химиялық күйік алған", - дейді Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының мамандары.


Аталған жайтқа байланысты қазіргі таңда еңбек испекциясы комиссия құрып, тексеру жүргізілуде.


Ал дәрігерлердің айтуынша, күкіртке күйген жұмысшылардың бірі ауыр жағдайда көрінеді.


"1975 жылғы науқас Жаңақорған орталық ауруханасы, жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Науқастың туыстары одан әрі емдеуден бас тартып, өз көлігімен Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізіп, науқас реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы тұрақты ауыр", - дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.


Қазіргі таңда науқастарға қарқынды терапия жалғасуда. Мәди Оспановтың беті, денесі, қолдары және аяқтары қатты күйген. Дәрігерлер "ауыр күйік шогы, екі көздің конъюнктивасының күйіп қалған" деп диагноз қойған.


Айта кетсек, Жаңақорғандағы "СКЗ-U" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Зауыт тәулігіне 1500 тонна күкірт қышқылын өндіреді.