АКАДЕМИК МҰСТАФА МАТАЕВТЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде философия ғылымдарының кандидаты, профессор Мұстафа Матаевтың 90 жылдығына арналған «Трансформация кезеңіндегі қазақстандық қоғамның дамуының гуманитарлық аспектілері» атты халықаралық (офлайн-онлайн форматта) ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиында білім беру жүйесін дамыту, аймақтық жастар саясаты, қазақ философиясы, қазақ зиялыларының ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы рөлі туралы баяндамалар жасалды.
Конференцияда Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов ғалымның білім мен ғылым жүйесін дамытуға қосқан үлесіне тоқталды.
Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы–ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова ғалымның өмір және еңбек жолы бүгінгі жастарға нағыз үлгі-өнеге екенін атап айтты.
Мұстафа Матаев 1969-1980 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Педагогика институтының (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) марксистік-лениндік философия кафедрасының меңгерушісі, 1980-1992 жылдары филология факультетінің деканы, 1992-2002 жылдары «Құқықтану», кейіннен «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2002 жылдан өмірінің соңына дейін осы кафедраның кұрметті меңгерушісі, кафедра профессоры болып еңбек етті.
Білім беру, ғылыми және қоғамдық қызметінде көптеген медальға, белгілерге алғыстар мен атақтарға ие болған.
Ғылыми зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстарының нәтижесінде 55 ғылыми еңбектің авторы атанды.
Ғалымның ұсынысымен білікті жастар Мәскеуге, Санкт-Петербургке, Алматыға, Астанаға заң мамандығы бойынша аспирантураға, тәжірибе алмасуға жіберілген. Осының нәтижесінде университеттегі заң ғылымдары кандидаттарының саны оннан асты.
Бүгінде университетте заңгер кадрлар даярлайтын арнайы кафедра, білімді, тәжірибелі заңгерлер мен ғалымдар еңбек етіп, ұстазының ұстанымын әрі қарай жалғастыруда.
Мұстафа Матайұлы кезінде негізін қалаған Криминалистика лабораториясы ауқымды жобаларды қолға алуда. Студенттердің «Заң клиникасы» тұрғындарға сапалы құқықтық қызмет көрсетумен жүйелі айналысса, «Жас заңгер» үйірмесі де нақты зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, Мұстафа Матайұлының жары Торғын Аймұратова, ұл-қыздары, бауырлары, шәкірттері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары, профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылары, БАҚ өкілдері онлайн және офлайн форматта қатысты.
Конференцияға қатысушылар университеттің №1 ғимаратында орналасқан М.Матаев атындағы дәрісханамен танысты. Ғалымның ұрпақтары М.Матаевтың жеке қорындағы кітаптарды университеттің ғылыми кітапханасына табыстады.