Қызылордада Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті
Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев пен Ахмет Ясауи көшелерінің қиылысында Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шара облыс орталығында өтетін дәстүрлі «Алтын күз – 2025» салтанатты іс-шарасы аясында өткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жәрмеңкеге Қазалы ауданынан 60-қа тарта көлік қатысып, барлығы 137 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері көрсетілді. Атап айтқанда, 25 тонна күріш, 85 тонна шамасында картоп пен көкөніс, 6 тонна ет, 14 тонна балық, 6 тонна сүт, сүзбе, құрт, қаймақ өнімдері және «Қазалы» конфеті сияқты жергілікті өндірілген тауарлар қала тұрғындарына нарықтағы бағадан 10-15% төмен ұсынылды.
Жәрмеңкеге аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы арнайы келіп, аудан шаруалары ұсынған өнімдермен танысты. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аймақ басшысы мен жәрмеңкеге келген зиялы қауым өкілдеріне, қонақтарға барлық өнімдердің тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылып жатқанын жеткізді. Бұл шара жергілікті өнімді насихаттау, ауыл шаруашылығы саласын қолдау және тұрғындарға сапалы әрі арзан өнім ұсыну мақсатында ұйымдастырылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы өте қалың болды. Қала тұрғындары арзандатылған жергілікті өнімге ерекше қызығушылық танытып, сатып алушылар арасында белсенділік жоғары болды. Аудандағы фермерлер мен шаруашылық қызметкерлері өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, тұрғындардың сұранысына сәйкес өнімді жеткізуге ерекше көңіл бөлді.
Жәрмеңке барысында аудан өнімдерінің сапасы мен көлемі жоғары бағаланып, шараға қатысушылар Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізілген жетістіктерді атап өтті. Сонымен қатар, бұл іс-шара ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей нарыққа шығару арқылы ауыл шаруаларына экономикалық тұрғыда қолдау көрсетудің тиімді тетігі болып отыр.
Аудан басшылығының айтуынша, жәрмеңкелер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, Қазалы ауданының фермерлері мен кәсіпкерлеріне өз өнімдерін тікелей нарыққа шығару мүмкіндігі берілетін болады. Бұл тұрғындардың сапалы өнімге қолжетімділігін арттыруға, жергілікті өндірісті дамытуға және аудан экономикасына оң ықпал ететін маңызды шара болып саналады.