Психологтың қолдауы – жаңа өмірге бастар жол
Адамның жан дүниесіне үңіліп, қиын сәтте жылы сөзбен демеу болу – психолог мамандардың жауапты әрі маңызды қызметінің бірі. Әсіресе, жазасын өтеушілермен жұмыс жүргізуде психологтың рөлі ерекше.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде психолог мамандар сотталғандармен күнделікті жұмыс жүргізіп, олардың жеке сұрақтары бойынша кеңес береді. Түрлі тренингтер, топтық және жеке психокоррекциялық сабақтар, психопрофилактикалық іс-шаралар ұйымдастырады.
Түзеу мекемесіне жаңадан келген сотталғандармен алғашқы күннен бастап психологиялық әңгімелесу жүргізіледі. Бұл – олардың жаңа ортаға бейімделуіне, психологиялық күйзелістің алдын алуға және алдағы уақытта бостандықтағы өмірге дайындалуына бағытталған маңызды жұмыс.
Психолог мамандар сотталғандардың ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді назарда ұстап, өзіне деген сенімін жоғалтпауына, жасаған қателігін түсініп, болашаққа дұрыс көзқараспен қарауына көмектеседі.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар мекеме психологы Гүлжанат Шынарбаеваға өз ризашылықтарын білдірді.
Сотталғандардың бірі психолог маманның қолдауы қиын кезеңнен өтуіне септігін тигізгенін айтып, алғысын жеткізді.![]()
«Тура жолдан тайып, қателік жасағаныма қатты өкінемін. Осы мекемеге алғаш келгенде психологиялық тұрғыдан өте ауыр жағдайда болдым. Тіпті өзімді жек көріп кетуге шақ қалдым. Осындай қиын сәтте мені жалғыз қалдырмай, үнемі қолдау көрсетіп, жігерлендірген мекеме психологы Гүлжанат ханымға алғысым шексіз. Ол кісінің көмегімен өзіме деген сенімімді қайта қалыптастырып, бостандықтан кейінгі өмірге дайындалуға бет бұрдым», – дейді жазасын өтеуші.
Расында, психологтың бір ауыз жылы сөзі мен дер кезінде көрсеткен қолдауы адамның өмірге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін. Сондықтан сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың түзелуіне ықпал ету жолында психолог мамандардың еңбегі айрықша. Өйткені әр адамның жаңа өмір бастауына мүмкіндік бар.
Қаз
Рус






