ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі егін жинау науқанының барысы және алдағы міндеттер қаралды. Үкімет отырысына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың қазіргі ахуалы, егінді уақытылы әрі ысырапсыз жинау, шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар өңірлердегі кәсіпкерлік саласының көрсеткіштері, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі және жылу беру маусымына дайындық барысы да қаралды.
Үкімет отырысында көтерілген мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді.
Облыс әкімі жиында ауыл шаруашылығы жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі басты міндет – жиналған өнімді ысырапсыз әрі шаруалар үшін барынша тиімді
жағдайда жинап алу.
«Мақсат – егінді ысырапсыз әрі шығынсыз жинап алу. Науқанды қазан айының 15-інен кешіктірмей аяқтау керек. Қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жұмысты белгіленген мерзімде сапалы атқаруға басымдық берілуі тиіс», – деді облыс әкімі.
Осыған байланысты аудан және қала әкімдіктеріне егін жинау жұмыстарының қарқынын тұрақты бақылауда ұстап, шаруашылықтарға қажетті ұйымдастырушылық қолдау көрсету тапсырылды. Әсіресе ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланып, қалған егіс алқаптарын белгіленген мерзімде жинап алу қажеттігі айтылды.
Өңірде 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді
Биыл Қызылорда облысында жалпы көлемі 193,7 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес, суармалы суды тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мақсатында күріш алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылды.
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын әртараптандыру жұмыстарына басымдық беріліп, биыл 11 мың гектар жерге жүгері егілді.
Егіс науқаны кезінде шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге де ерекше мән берілді. Диқандар тұқым, минералды тыңайтқыш, гербицид және жанар-жағармай өнімдерімен толық қамтылды.
Егістік алқаптарды сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 3,2 млрд текше метр су лимиті бекітілді. Вегетациялық кезең штаттық режимде өтті. Сырдария өзенінен магистральды және шаруашылықаралық каналдар арқылы егістік алқаптарға 2,5 млрд текше метр су жеткізілді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану, каналдардағы су деңгейін бақылау және егістікті қажетті көлемде сумен қамтамасыз ету жұмыстары вегетациялық кезең бойы тұрақты бақылауда болды.
Күріш жинау жұмыстары жалғасуда
Қазіргі таңда облыста ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталды. Негізгі дақыл – күрішті жинау науқаны жалғасып жатыр.
Бүгінде өңірде 36 мың гектар күріш алқабы орылып, оның 27 450 гектары бастырылды. Орташа өнімділік гектарына
48,4 центнерді құрап отыр. Жалпы 133 мың тонна күріш салысы жиналды.
Жауапты сала басшыларының мәліметінше, егін жинау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Алдағы кезеңде қалған алқаптарды жинау қарқынын арттырып, өнімді уақытылы бастырып, ысырапқа жол бермеу басты назарда болады.
Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Берденова және облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер бойынша баяндама жасады.
Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің міндеттемелері бақыланады
Үкімет отырысында кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштерге тұрақты мониторинг жүргізу және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз ету мәселесіне де баса мән берілді.
Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау шараларының нақты нәтижесіне назар аударуды тапсырды.
«Кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштерге тұрақты мониторинг жасап, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының орындалуын қатаң бақылауда ұстаңыздар. Мемлекеттік кірістер департаменті қолдау алған кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етсін. Жеңілдетілген қаржы, субсидия және кепілдікке ие болған кәсіпкерлердің салық түсімдеріне жан-жақты талдау жасалсын. «Жұмыс жүргізілді», «түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды» деген бос сөз, құр есеп қажет емес. Нақты нәтижеге мән беріп, қорытындысын баяндаңыздар», – деді Мұрат Ергешбаев.
Осыған сәйкес мемлекеттік қолдау құралдарын алған кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне жүйелі талдау жүргізіледі. Оның ішінде жеңілдетілген қаржы, субсидиялар мен кепілдіктерді пайдаланған кәсіпкерлердің экономикалық көрсеткіштері, бюджетке түсетін салық көлемі және мемлекет алдындағы міндеттемелерінің орындалуы назарға алынады.
Мақсат – мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттырып, бөлінген қаражаттың нақты экономикалық нәтижеге жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Жылу беру маусымына дайындық аяқталды
Жиында облыстағы алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы да қаралды.
Биыл өңірдегі жылумен қамту нысандарын жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 8,7 шақырым жылу желісін жаңғырту, газтурбиналық қондырғыға күрделі жөндеу жүргізу, жылу желілерін, қазандықтарды, турбина және автономды қазандықтарды жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын.
Бүгінде аталған жұмыстар толық аяқталды.
Сонымен қатар электр желілерін жаңғыртуға 7,6 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде 460 шақырым электр желісі мен 134 қосалқы станция жөндеуден өткізілді.
Аталған жұмыстардың барлығы өңірдің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда облыстағы 1 074 әлеуметтік нысанның жылу беру маусымына дайындығы 100 пайызды құрап отыр. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар бар.
Жылу беру ауа райының нақты жағдайына және сыртқы ауаның тәуліктік орташа температурасына қарай басталады.
Көмір қоры толықтырылуда
Алдағы қысқы кезеңде тұрғындарды және әлеуметтік нысандарды қатты отынмен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда.
Қыс мезгілінде облыс тұрғындарына 68 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 12 мың тонна, жалпы 80 мың тонна көмір қажет.
Қазіргі таңда көмір қорын толықтыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жауапты мекемелерге отын жеткізу көлемін, оның уақытылы жеткізілуін және әлеуметтік нысандардың қажетті қорын қалыптастыруды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Жалпы, облыста қысқы маусымға дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданған. Әлеуметтік нысандардың әзірлігі қамтамасыз етіліп, жылу және электр желілерінің негізгі бөлігі жаңғыртылып, жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жиында қаралған барлық бағыт бойынша жауапты басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктелді. Егін жинау науқанын белгіленген мерзімде аяқтау, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелілігін қамтамасыз ету және алдағы жылу беру маусымын тұрақты өткізу – облыстағы негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Қызылорда облысының әкімдігі тиісті жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, әр бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуге басымдық береді.
Қаз
Рус






