ШИЕЛІ АУДАНЫ ДЕПУТАТЫ ЖИДЕЛІАРЫҚ АУЫЛЫНДА ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
ШИЕЛІ АУДАНЫ ДЕПУТАТЫ ЖИДЕЛІАРЫҚ АУЫЛЫНДА ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Шиелі ауданы мәслихатының депутаты Б. Сүлейменов Жиделіарық ауылы тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, елді мекендегі өзекті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ашық айтып, бірқатар ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару жүйесін жетілдіру, аяқ су арналарының тазалығын қамтамасыз ету, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ауылдағы орындалу барысы кеңінен сөз болды. Тұрғындар бұл бағыттағы жұмыстарды
күшейту және жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.
Депутат Б. Сүлейменов ауыл халқы көтерген әрбір мәселені назарға алып, олардың кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Ол жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы кері байланыстың маңызды екенін айтып, ауылдың дамуы ортақ жауапкершілік екенін ерекше атап өтті.
Кездесу аясында депутат жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының жеке мәселелерін тыңдады. Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер және басқа да тұрмыстық түйткілдер бойынша өтініштерін білдірді. Әрбір мәселе бойынша түсіндірме беріліп, кейбір түйткілдерді шешу бағытында нақты ұсыныстар айтылды.
Жиын қорытындысында көтерілген барлық мәселелер жүйеленіп, тиісті сала мамандарына жеткізілетіні және оларды шешу бойынша нақты іс-шаралар жоспары әзірленетіні айтылды. Сонымен қатар, ауылдағы тазалық пен тәртіпті сақтау, қоғамдық белсенділікті арттыру бағытында бірлескен жұмыс жалғасатыны атап өтілді.
Кездесу соңында тұрғындар мұндай ашық форматтағы диалогтардың маңызды екенін айтып, депутаттық корпусқа өз алғыстарын білдірді.







