ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ АЙМАҒЫНДА 10 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРДІ
Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысы аумағында орналасқан Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде өткен мектеп бітіру кешіне қатысып, түлектерді үлкен өмірге қадам басуымен құттықтады. Аймақ басшысы салтанатты жиын барысында жас түлектерге ақжолтай тілегін арнап, ұстаздар қауымына білім мен тәрбие беру ісіндегі ерен еңбегі үшін алғыс білдірді.
Биыл өңірде 10 мыңнан астам оқушы 11 жылдық мектеп бағдарламасын аяқтап, алтын ұя мектептерімен қоштасты. Бұл күн – әрбір түлек үшін балалық шақпен қоштасып, жаңа белеске қадам басатын ерекше әрі жауапты кезең. Жиынға қатысқан ата-аналар мен ұстаздар да бұл сәттің толқулы әрі маңызды екенін атап өтті.
Өз сөзінде облыс әкімі білімнің қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен сапалы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Білім – адам өмірінің бағытын айқындайтын басты күш, ол жас ұрпақтың болашағын қалыптастырады.
«Шын мәнінде, ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім. Тек білім ғана адамға өмірде дұрыс таңдау жасауға, өзіне деген сенімділікті арттыруға және биік мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді. Білімді ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектеп пен ұстаздардың қоғамдағы рөлі туралы айтқан пікірін келтірді. Президент мектепті тек білім ордасы ғана емес, тәрбие мен адамгершілік қалыптасатын киелі орта ретінде сипаттайтынын атап өтті.
Аймақ басшысы соңғы жылдары өңірде білім беру саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілгенін де тілге тиек етті. Мемлекет пен Үкіметтің қолдауымен облыс аумағында 200-ден астам әлеуметтік нысан салынған. Оның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер және мәдениет үйлері бар. Білім беру саласында соңғы жылдары 45 жаңа заманауи білім беру нысаны пайдалануға беріліп, оқушылар үшін қолайлы оқу жағдайы жасалған. Бұл нысандар ауылдық және қалалық жерлерде білім сапасын теңестіруге ықпал етіп отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 жаңа мектеп салынған. Соның бірі – салтанатты кеш өткен Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі. Бұл жаңа білім ордасы «Арай» шағын ауданындағы оқушы орындарының тапшылығын толық шешуге мүмкіндік берген.
Мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, зертханалармен, спорт залдарымен және цифрлық технологиялармен жабдықталған. Оқу орны оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталған.
Облыс әкімі түлектерге арнаған сөзінде олардың өмір жолының енді басталып жатқанын атап өтті. Ол жастарды адал еңбекке, табандылыққа және отансүйгіштікке шақырып, ел болашағының тізгіні бүгінгі түлектердің қолында екенін айтты.
«Сіздер – тәуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі. Білім мен еңбекті серік етіп, биік мақсаттарға ұмтылыңыздар. Еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасыңыздар. Қанаттарыңыз талмасын, армандарыңыз орындала берсін», – деді әкім.
Жиында өңірдегі білім жетістіктері де айтылды. Биыл облыстың 320 мектебінде 1–11 сынып аралығында 189 288 оқушы білім алған. Олардың ішінде 987 оқушы «Алтын белгіге», ал 1 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер ретінде танылған. Бұл көрсеткіштер өңірдегі білім сапасының тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында Қызылорда қаласы және аудан орталықтарындағы тестілеу орталықтарында өткізілуде. Биыл 11-сыныпты аяқтаған 10 317 түлектің 9 250-і ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 15 мыңнан астам оқушы жазғы тынығу лагерьлеріне барады. Сонымен қатар 164 964 бала мектеп жанындағы лагерьлерде демалатын болады. Бұл балалардың жазғы демалысын тиімді әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді.
Президент саябағы аумағында жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы ашылғаны да атап өтілді. Бұл орталық балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Салтанатты шара барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев түлектерге ақ жол тілеп, ел болашағына сенім білдірді. Ол жас түлектердің білім жолындағы табыстары елдің дамуына қосылатын үлкен үлес екенін айтты.
Ата-аналар атынан сөз сөйлегендер ұстаздарға алғыс айтып, балалардың жетістігі – ортақ тәрбиенің нәтижесі екенін атап өтті. Олар мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие өмірлік бағыт беретінін жеткізді. Салтанатты кеш соңында түлектер ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, мектеппен қоштасу сәтіндегі әсерлі естеліктерімен бөлісті. Жиын мерекелік концертке ұласып, жас түлектерге арналған жылы тілектер мен ақ баталар айтылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.







