ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙ ӨҢІРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС НЫҒАЮДА
ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ЖАҢА СЕРПІН: ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙ ӨҢІРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС НЫҒАЮДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту, өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмалар аясында Қызылорда облысында шетелдік серіктестермен тиімді байланыс орнату, өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы жылдары Сыр өңірі халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтып, шетелдік инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып келеді. Әсіресе, Қытай Халық Республикасымен арадағы өзара ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, өндіріс, ауыл шаруашылығы, энергетика, логистика және жоғары технологиялар салаларындағы байланыстар кеңейе түсуде.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары болды.
2026 жылғы 27–29 сәуір аралығында өткен іссапар аясында делегация Пекин, Далянь және Чанчунь қалаларында
бірқатар жоғары деңгейдегі кездесулер өткізіп, стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды талқылады.
Жұмыс сапары барысында Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті, ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктері, көлік-логистика инфрақұрылымы және арнайы экономикалық аймақтардың артықшылықтары кеңінен баяндалды.
АГРОӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ СУ РЕСУРСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК
Іссапардың маңызды бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері болды. Делегация Далянь қаласында қала әкімінің орынбасары Чжао Дунмен кездесіп, су үнемдеу технологиялары мен агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту бағытындағы жобаларды талқылады.
Кездесу барысында Қызылорда облысында су тапшылығы мәселесінің өзектілігі және ауыл шаруашылығы саласын заманауи технологиялар арқылы дамыту қажеттігі айтылды. Осыған байланысты қытайлық Юлин компаниясымен су үнемдеу технологияларын енгізу және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша келіссөздер жүргізілді.
Жоба аясында тамшылатып суару, автоматтандырылған су бөлу жүйелері, цифрлық мониторинг және егіс алқаптарын қашықтан бақылау технологияларын енгізу жоспарлануда.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама су ресурстарын тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға және климаттық өзгерістердің кері әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Қытай тарапы аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтіп, тәжірибе алмасуға және технологиялық қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуде күріш шаруашылығы, мал азығын өндіру, аграрлық ғылым және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері де талқыланды.
МАШИНА ЖАСАУ ЖӘНЕ КӨЛІК-ЛОГИСТИКА САЛАСЫ
Делегацияның Чанчунь қаласына сапары барысында Цзилинь провинциясының басшылығымен маңызды кездесулер өтті. Онда машина жасау, теміржол индустриясы және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Кездесу барысында Қызылорда облысында вагон жасау өндірісін дамытуға бағытталған жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Марал-Нұр серіктестігінің вагон жасау зауыты жобасын қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
Бұл жоба өңірдегі өнеркәсіп өндірісін дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.
Жоба іске асқан жағдайда жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандарды оқыту және қайта даярлау
бағдарламалары қолға алынбақ.
Сонымен қатар, теміржол саласындағы қосалқы бөлшектер шығару, сервистік орталықтар ашу және логистикалық қызметтерді жетілдіру мәселелері де қарастырылды.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану бағытындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР
Пекин қаласында өткен кездесулер барысында өндірістік жобаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, TICA компаниясымен желдету және ауаны баптау қондырғыларын өндіру жобасы бойынша келіссөздер жүргізілді.
Жоба аясында Қызылорда облысында заманауи өндірістік кешен ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, жергілікті Тау Групп компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жобаның алғашқы кезеңін іске асыру 2026 жылға жоспарланған. Болашақта бұл өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа бағытталған кәсіпорындардың біріне айналуы мүмкін.
Сондай-ақ, HongDa компаниясымен Жаңақорған ауданындағы қорғасын-мырыш кен байыту фабрикасы жобасы талқыланды.
Құны 120 млн АҚШ долларын құрайтын бұл ірі инвестициялық жоба өңірдің тау-кен металлургия саласын дамытуға бағытталған.
Жоба іске қосылған жағдайда жаңа өндірістік қуаттар қалыптасып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Құрылыс жұмыстары 2027–2028 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, XINDA TRANSFORMER CO., LTD компаниясымен трансформаторлар өндіру және индустриялық парк құру мәселелері талқыланды.
Бұл жоба аясында бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорын ашылып, электротехникалық өнімдер өндірісі жолға қойылады.
Мамандардың пікірінше, мұндай өндірістер өңірдегі өнеркәсіптік кластердің қалыптасуына негіз болады.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТАР
Іссапар барысында аграрлық сектордағы инновациялық жобаларға да ерекше көңіл бөлінді.
Қытайлық Yunguan Xinjia Supply Chain Management компаниясымен техникалық қарасора өсіру және оны терең өңдеу арқылы фармацевтикалық өнім өндіру мәселесі талқыланды.
Бұл жоба ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және экспортқа бағытталған өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, техникалық қарасора өндірісі экологиялық таза және жоғары табыс әкелетін бағыттардың бірі болып саналады.
Жоба аясында өңдеу өндірісін құру, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық стандарттарға сай өнім шығару жоспарлануда.
ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА ЖАҢА СЕРПІН
Іссапар қорытындысында бірқатар қытайлық компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Келісімдер инвестиция тарту, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды енгізу және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі артады деп күтілуде.
Сонымен қатар, халықаралық әріптестік жергілікті кадрларды даярлауға, технология трансферін жүзеге асыруға және инновациялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Қытай Халық Республикасымен дамып келе жатқан стратегиялық әріптестік Қызылорда облысының өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін күшейтіп, өңір экономикасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал етпек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар Сыр өңірінің халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтіп, аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалыптастырады.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







