Қызылордада 1500 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға беруге дайын
Қызылорда облысында жаңа оқу нысандарын салу және білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов және облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов СПМК-70 мөлтек ауданында бой көтерген 1500 орындық «Келешек мектебінің» құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Заманауи «Келешек мектебі» пайдалануға дайын
Жаңа мектептің құрылысы толық аяқталған. Заманауи талаптарға сай салынған білім ошағы оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктерді ұсынады. Мектепте: соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу кабинеттері, инновациялық STEM-зертхана, ғылыми кітапхана, кең спорт залы, заманауи акт залы, толыққанды асхана қарастырылған.
Нысанның бас мердігері — Integra Construction KZ, жобалаушы — Project Construction KZ, ал техникалық қадағалаушы — «Самұрық Қазына Девелопмент» компаниясы. Құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанды алдағы күндері пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ұлттық жоба аясында 10 жаңа мектеп салынды
Қызылорда облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілген, ал алты мектептің құжаттары әзірленіп, облыстық білім басқармасының теңгеріміне өткізілді.
Биыл ашылған үш жаңа мектепте оқу процесі толыққанды басталып, оқушылар заманауи білім кеңістігінде білім алып жатыр.
Инфрақұрылымды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде
Білім беру нысандарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар атқарылды.
Атап айтқанда:
- 118,4 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініп, жаңа нысандарға арналған жоба-сметалық құжаттамалар әзірленді;
- 1 млрд 700 млн теңгеге 10 мектепке инженерлік желілер тартылды;
- 2 млрд 80 млн теңгеге мектептердің іргелес аумақтары абаттандырылып, жаңа жолдар салынды.
Инженерлік инфрақұрылымның толық қамтамасыз етілуі жаңа мектептердің үздіксіз жұмыс істеуіне және оқушылардың қолайлы ортада білім алуына жағдай жасайды.
Аймақтың білім саласына серпін беретін бастамалар
Қызылорда облысында атқарылып жатқан бұл жұмыстар өңірде жоғары сапалы білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа оқу орындарының салынуы оқушылар санының көбеюіне байланысты туындаған қажеттілікті жабумен қатар, мектептердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Облыс бойынша жүргізіліп жатқан кең ауқымды құрылыс жұмыстары — мемлекет тарапынан білім беру саласына көрсетіліп отырған ерекше қамқорлықтың нақты көрінісі. Бұл бастамалар өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыруға, жастарға сапалы білім мен қолайлы жағдай жасуға бағыттылған стратегиялық қадам ретінде бағаланады.







