ТӨРАЛИЕВ ЖАЛАҒАШТЫ ТӨРГЕ СҮЙРЕЙ АЛАДЫ МА?
Жалағаш ауданына жаңа әкім келді. 10 қыркүйекте бұл қызметке бұған дейін облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарған Ерлан Кәрімбекұлы Төралиев тағайындалды, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Алайда жаңа әкімнің алдында кабинет ауыстырудан әлдеқайда күрделі міндет тұр. Ауданда халықты алаңдатқан жер, су, ауыл шаруашылығы, жұмыссыздық, инвестиция және инфрақұрылым мәселелері бар.
Ең өткір мәселе – су.
Жалағаш экономикасының негізгі тіректерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл ауданда 41,8 мың гектар жерге егін егілген. Оның 16,6 мың гектарын күріш алқабы құрайды.
Бірақ су тапшылығы жағдайында мұндай көлемді сақтап қалу оңай емес. Биыл күріш көлемінің өткен жылмен салыстырғанда 2,7 мың гектарға қысқаруы да осы бағыттағы мәселенің өзектілігін көрсетеді. Ал халықтың әкімдікке жолдаған өтініштері жағдайды одан әрі айқындай түседі. Жылдың алғашқы алты айында түскен 481 өтініштің 287-сі жер және ауыл шаруашылығына қатысты. Бұл – барлық өтініштің шамамен 60 пайызы.
Демек, жаңа әкім үшін алғашқы сынның бірі – ауылдағы жер мен су мәселесін қаншалықты шеше алатыны. Инвестиция бар. Енді оның нәтижесі көрінуі керек.
Жалағашта инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Ауданда құны 68 млрд теңге болатын ірі жоба да бар. Бірақ кез келген инвестицияның тиімділігі оның көлемімен ғана өлшенбейді.
Оның нақты нәтижесі қандай? Қанша адам тұрақты жұмысқа орналасады? Аудан бюджетіне қанша қаржы түседі? Жергілікті кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік ашылады?
Жаңа әкім үшін осы сұрақтарға жауап беру маңызды.
Өйткені тұрғын үшін миллиардтаған инвестицияның өзі үйіне кіретін табыс пен тұрақты жұмыс орнына айналмаса, құр цифр болып қалуы мүмкін.
Төралиевтің құрылыс саласындағы тәжірибесі де енді сыналады.
Жаңа әкім бірнеше жыл облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласына жетекшілік етті. Енді сол тәжірибесін аудан көлемінде көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл ретте мектеп, аурухана, әкімшілік ғимараттар мен басқа да инфрақұрылымдық нысандардың сапасы мен мерзімі маңызды. Бірақ Жалағашта әкімнің міндеті құрылыс нысандарымен шектелмейді.
Ол ауыл шаруашылығына да, кәсіпкерлікке де, жұмыспен қамтуға да, салық түсіміне де, елді мекендердің инфрақұрылымына да жауап береді. Сондықтан Төралиевтің басты сынағы – бір саланы басқару емес, тұтас ауданның мәселесін шешу. Ал тұрғындар жаңа әкімнен есептегі әдемі көрсеткіштен бұрын күнделікті өмірде сезілетін өзгеріс күтеді.
Су мәселесі шешіле ме? Жұмыс орындары көбейе ме? Инвестиция халыққа нақты пайда әкеле ме? Ауылдардың инфрақұрылымы жақсара ма?
Бұл сұрақтардың жауабы жаңа әкімнің алғашқы жылындағы нақты нәтижелерден көрінеді.
Қаз
Рус






