Қала күніне орай «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концерт өтті
Бүгін Қызылорданың сол жағалауындағы еңселі «Қайсар Арена» стадионында Сыр елінің басты мерекесіне айналған ерекше шара – Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және Қала күніне арналған салтанатты «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концерт өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мерекелік кешке Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген облыстық мәслихат төрағалары қатысты.
Тарихқа тағзым – жаңарған Қызылордаға тағылым
Шараның шымылдығы тарихи көріністермен түрілді. Орынбордан Ақмешітке астананы көшіру, Қазақ Республикасының ресми түрде Қазақ АКСР атануы, қаланың Қызылорда деп аталу сәті сахналық қойылым арқылы әсерлі бейнеленді.
Көріністерде Алаш арыстарының бейнелері, «Қызыл паравоздың» Ақмешітке бағыт алуы, сол дәуірдің рухы мен елдік идеясы көрініс тапты. Бұл сахналық эпизодтар көрерменнің көңілін толқытты, ғасыр бұрынғы тағдырлы сәттерді көз алдарына әкелді.
Кейін экран бетінде Қызылорданың бүгінгі келбеті — заманауи сәулеті, жасыл желекке бөленген көшелері, жаңарған инфрақұрылымы мен өркендеген әлеуметтік нысандары бейнеленіп, шежірелі шаһардың жаңа дәуірдегі дамуы паш етілді.
Аймақ басшысының құттықтау сөзі
Мерекелік жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз алып, барша Сыр жұртын тарихи мерейлі күнмен құттықтады.
Облыс әкімі сөзінде өңірдің қазіргі даму қарқынына да тоқталып өтті.
Сахна сәні мен өнер өрнегі
Кеш барысында Жанар Ысқақова, Гүлнұр Оразымбетова, Мөлдір Сәдуақасова, Жеңіс Төлепбай сынды танымал эстрада жұлдыздары орындаған «Біздің Қызылорда» әні көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, Кенжебек Әлімжан, Төреғали Төрәлі, Оразалы Нұралиев және өзге де өнер майталмандары мерекелік көңіл-күй сыйлап, сахна төрін ән мен биге бөледі.
Мерекенің мазмұнын байытқан би қойылымдары, тақырыптық бейнероликтер, және дрон-шоу көрінісі ерекше әсер қалдырды. Түнгі аспанды мың бояулы отшашу жарықтандырып, мерекенің шарықтау шегін айшықтады.
Қызылорда – елдіктің алтын бесігі
Бұл мерекелік шара Сыр елінің өткені мен бүгіні тоғысқан ерекше тарихи сәт болды. Бір ғасырлық жылнаманы еңсерген Қызылорда бүгінде жаңарған бейнесімен, өркендеген экономикасымен және мәдени келбетімен ел дамуының маңызды орталықтарының біріне айналып отыр.