Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету барысы талқыланды

2 543

Фото: Облыс әкімдігіБүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде су тасқынының зардаптарын жоюда қолға алынған шаралардың орындалу барысы қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


ҚР Төтенше жағдайлар министрі мен өңір әкімдері қалыптасқан жағдай туралы баяндады.


Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.


«Еліміздің солтүстік, батыс өңірлеріндегі жағдайға байланысты Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарына барған 99 құтқарушы және 12 арнайы техника, 8 қайық, 30 мотопомпа, Ақтөбе облысында 10, Атырау облысында 46 арнайы техника жұмыс жасауда. Сондай-ақ, 408 адам, 33 техника Батыс Қазақстан облысына жолданды. Осы аймаққа 101 арнайы техника жіберілген. Тапсырма берілгенге дейін Батысқа 6 техника жұмылдырылды.
Судан зардап шеккен өңірлерге Қызылорда облысынан көмекке барған арнайы техникалардың жағдай оңалғанға дейін жұмыс жасауын, кейін аймаққа жеткізілуін қадағалау керек. Ал бекітілген міндеттерді атқарып, жұмысты аяқтаған техникаларды бері қарай қайтаруды ұйымдастыру қажет», – деді аймақ басшысы.


Мәжілісте Қызылорда қаласына Атырау облысынан келген 100-ден астам адамға көмек көрсету, оларды жайлы орынмен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.


Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, «Телікөлге» жиналған суды тиімді пайдалануды ұйымдастыру тапсырылды.