Қазалы аудандық мәдениет орталығы сахнасында өнер сүйер қауымға ерекше рухани кеш сыйлаған маңызды мәдени шара өтті.
Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығы сахнасында өнер сүйер қауымға ерекше рухани кеш сыйлаған маңызды мәдени шара өтті. Атап айтқанда, Нартай Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театры гастрольдік сапармен келіп, жазушы Ақберген Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты тағылымы терең туындысын қазалылық көрерменге ұсынды.
Кешке жиналған көрермен қауым қойылымды ерекше ықыласпен қабылдап, театр әртістерінің шеберлігіне зор ризашылықтарын білдірді. Сахнадағы әрбір көрініс, актерлік ойын мен режиссерлік шешім көрерменді бірден баурап, терең ойға жетеледі.
Қойылым алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов театр ұжымына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде Қазалы өңірінің ежелден өнер мен мәдениеттің ордасы екенін атап өтіп, мұндай гастрольдік сапарлардың аудан тұрғындары үшін үлкен рухани олжа екенін айтты.
– Қазыналы Қазалы жеріне қош келдіңіздер! Бүгінгі ұсынылып отырған «Болмаған балалық шақ» қойылымы – тағдыр мен тағылымды астастырған, көрерменге терең ой салатын ерекше туынды. Мұндай шығармалар жас ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпал етіп, қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударуға үндейді. Сіздердің өнерлеріңіз – ел руханиятына қосылған зор үлес, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Қойылымның мазмұны көрерменді бей-жай қалдырмады. Сахнада тағдыр тауқыметін ерте тартқан баланың ауыр өмірі, жан жарасы, балалық шақтың орны толмас өкініші мен мұңы шынайы әрі әсерлі бейнеленді. Актерлердің кәсіби шеберлігі арқылы көрермен адам жанының нәзік иірімдерін сезініп, өмірдің мәні, үміт пен сенімнің құндылығы туралы терең ойға батты.
Спектакльдің әрбір көрінісі психологиялық тұрғыдан шебер құрылған. Онда қоғамдағы өзекті мәселелер, балалар
тағдыры, отбасы құндылықтары мен адамгершілік ұстанымдар кеңінен қозғалды. Бұл туынды көрерменге тек әсер сыйлап қана қоймай, рухани тұрғыдан ойландырып, жүрекке жететін тағылымды мазмұнымен ерекшеленді.
Қойылым соңында Нартай Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театры өнерпаздарына көрермендер ұзақ қол соғып, ыстық ықыластарын білдірді. Театр ұжымы да өз кезегінде қазалылық жұртшылықтың жылы қабылдауы мен қолдауына алғыстарын жеткізді.
Жалпы, бұл мәдени кеш Қазалы өңірінің рухани өміріне серпін беріп, өнер мен мәдениеттің маңызын тағы бір мәрте айқындаған тағылымды шара ретінде есте қалды.







