«Таза қазақстан» акциясы аясында ауданда 2500 түп ағаш отырғызылды
Жалағаш ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік және ағаш отырғызу шарасы өтті. Табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен бұл бастамаға аудан тұрғындары, жастар және түрлі сала өкілдері белсене атсалысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Көпшілік жұмыла атсалысты
Экологиялық шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, этнос өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ерікті жастар мен кент тұрғындары қатысып, туған жердің тазалығы мен көгалдануына өз үлестерін қосты.
2500 түп ағаш, 35 тонна қоқыс шығарылды
Акция барысында аудан көлемінде барлығы 2500 түп ағаш көшеті егілді. Сонымен қатар, 24 арнайы техника жұмылдырылып, 35 тонна қоқыс қалдығы арнайы белгіленген полигондарға жеткізіліп, тазалық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді.
Көшеттер аудан аумағындағы саябақтарға, көше бойларына, білім және денсаулық сақтау нысандарының айналасына отырғызылды. Екпе ағаштардың түрі жергілікті климатқа бейімделген, экологиялық және сәндік қасиеттерге ие.
Көшеттер күтімі – тұрақты бақылауда
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов акция қорытындысында жауапты мекемелер мен бөлім басшыларына егілген ағаштардың күтімін жүйелі жүргізу, суару және қорғау жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.
Қоғамдық белсенділік – экологиялық сананың көрінісі
Акция барысында түрлі жастағы тұрғындардың белсенділік танытуы – өңірдегі экологиялық мәдениеттің артып келе жатқанын көрсетті. Әсіресе, жастардың қатысуы болашақ ұрпақтың табиғатқа жанашырлықпен қарайтынына сенім ұялатады.
Айта кетейік:
«Таза Қазақстан» акциясы еліміз бойынша экология мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кең ауқымды бастама. Бұл шара тұрғындардың табиғатты аялауға деген көзқарасын қалыптастырып, экологиялық сауаттылықты арттыруды көздейді.