ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

1 505

ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Шиелі уданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша кезектілік тәртібімен қабылдады. Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеріп, тиісті сала басшыларына ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Азаматтардың өтініштері мұқият тыңдалып, әрбір мәселе заң талаптарына сәйкес жан-жақты қаралды.

Жеке қабылдауға келген тұрғындар негізінен тұрғын үй, жер телімін алу, инфрақұрылым мәселелері, тұрақты жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және өзге де маңызды мәселелер бойынша өтініштерін білдірді. Сонымен қатар, ауылішілік жолдарды жөндеу, ауыз су, көше жарығы, балалар ойын алаңдарын салу және қоғамдық көлік қатынасына қатысты ұсыныстар да назардан тыс қалған жоқ.

Аудан әкімі қабылдауға келген әрбір азаматтың мәселесіне жеке тоқталып, жауапты бөлім басшылары мен мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Кейбір мәселелер бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, бірқатар өтініштер бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатын болды. Азаматтардың өтініштерін сапалы әрі уақытылы орындау бағытында тиісті сала мамандарына нақты міндеттер қойылды.

Қабылдау барысында тұрақты жұмыс іздеп келген азаматтарға аудан көлеміндегі бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық сала және кәсіпкерлік нысандарындағы бос жұмыс орындары жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту бағдарламалары аясында қоғамдық жұмыстарға, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді. Азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстары айтылып, өз кәсібін бастауға ниетті тұрғындарға грант пен жеңілдетілген несие алу жолдары жөнінде кеңестер берілді.

Тұрғын үй мәселесін көтерген азаматтарға қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне тіркелу, кезек тәртібі және мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар туралы толық ақпарат берілді. Аудан бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен бірге, тұрғын үй саласына қатысты барлық өтініштер заң талаптары мен кезектілік жүйесіне сәйкес қаралатыны түсіндірілді.

Жер мәселесіне байланысты өтініш білдірген тұрғындарға жер телімдерін беру тәртібі, конкурс талаптары және заңнамалық нормалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері таныстырылып, салаға қатысты мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.

Қабылдау барысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мәселелері де назарға алынды. Азаматтарға әлеуметтік көмек түрлері, атаулы әлеуметтік көмек алу жолдары, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қолдау шаралары және денсаулық сақтау саласындағы жеңілдіктер туралы тиісті түсіндірмелер берілді. Әрбір өтініш бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, орындалуы бақылауға алынатыны ескертілді.

Аудан басшысы халықпен кері байланысты нығайту, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрі тиімді жауап беру – мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін айтып, халықпен тұрақты байланыс әрдайым жалғасатынын жеткізді.

Қабылдау қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша сараптамалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарына сәйкес тиісті шешімдер қабылданатын болды. Әрбір өтініштің орындалу барысы жауапты сала басшыларының бақылауында болады.

Айта кетейік, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылу egov.kz порталы, e-Otinish бірыңғай базасы арқылы немесе аудан әкімдігіне келіп, жазбаша өтініш беру арқылы жүзеге асырылады. Азаматтарды қабылдау тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Фото: @Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі