ҚЫЗЫЛОРДАДА ОРТАЛЫҚ АЛАҢДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУДЫРУДА

5 437

Қызылорда қаласында орталық алаңды қайта жөндеуден өткізу жұмыстары тұрғындардың наразылығын тудыруда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бұл туралы әлеуметтік желіде белсенді қоғам жанашырлары да бұған дейін бірнеше рет көтерген болатын. Оған қоса «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Сәдуақас Аңсат фейсбук желісінде жазба қалдырды. Жарияланған жазба астында қала тұрғындары мәселені қызу талқыға салып, қала әкімдігінің жұмысын сынға алды. 


«Мына мұрты шағылмаған тас төсеніштерді қала әкімі А.Шаменов Орталық алаңнан қопарып алып, орнына жаңасын төсемекші. Барлық абаттандыру жұмысына 2-2,5 млрд теңге қаралған көрінеді. Осыншама ысырапшылыққа барудың артында не тұр екен? Бізден жиналған осынша қаржыны неге көшелеріне жай тас та төселмеген жерлерге жұмсамайды? Ойланайықшы. Мәслихат депутаттары бұған қалай келісім берген?» - деп жазды.


Талқыға түскен орталық алаңның қайта жөндеуден өткізілуін тұрғындар қаржыны ысырып етіп, босқа шашу деп санайды. Белсенді желі қолданушысы Сәбит Сұлтан: 


«Қала әкімшілігі орталық алаңды абаттандырамыз деп шулатып жатыр желіні. Мердігер мекемеде белгіленіп қойған сияқты.  Бір сұрайын дегенім, бұл жобаны қаржыландыру қай маслихат сессиясында қаралып еді және Облыстық қоғамдық кеңеске қашан ұсынылып еді? Заңдылығында кез келген жоба алдымен Қоғамдық кеңесте қаралып талқылануы керек, сосын маслихат депутаттары кеңестің ұсыныстарын ескере отырып шешім шығару керек. Егер әлі қаржыландыру мәселесі шешілмеген жобаны бастаймыз деп жатса демек сенімді болып тұр, облыстық маслихат сессиясында өтетініне. Ертеңгі күні "біз халыққа жариялап қойдық, бір бөлігін қалалық бюджеттен төлеп қойдық, жұмыс басталып кетті, енді өткізіңдер, әкімнің тапсырмасы, тездетіңдер" деп жүрмесе болды.))

Егер орталық алаңды абаттандыруға қаржы әлі бөлінбесе, онда тамыз айында жоспарланып отырған бюджетке өзгерістер енгізу кезінде кіргізуі мүмкін. Оны енді бақылауға аламыз. Жауаптарын күтейік. 

Қаншама банктерден алынған қарыз бар, қаншама мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме ғимараттарын жалға алып отыр, жылына жүздеген миллион ақша төлеп бюджеттен, ал біз бюджет ақшасын үнемдеп сол шығындар мен қарыздарды азайтудың орнына, сап сау тұрған пәленбай мың шаршы метр брусчаткамен пәленбай киллометр бетон арықтарды алмастырып, пәленбай километр теп тегіс асфальтті құммен көміп келеміз.

Бізде жалпы экономика басқармасы немен айналысады?

Қалай бұл жобаны Қоғамдық даму басқармасы ақпараттандырып отыр?»- деп жазба қалдырған болатын.


Жөндеу жұмыстары туралы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай журналистерге арнайы пікір берген болатын. Онда облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп 4 айдың ішінде жөндеу жұмыстары аяқталатыны айтылған. 


Желідегі жазбаға байланысты сантүрлі пікірлер жазылуда. Алайда облыс әкімдігі тарапынан ешқандай пікір білдірілмеді. Пікірлердің бірнешеуін  назарға ұсынамыз: 


«-Көше жөндеу әкімдер үшін қып-қызыл ақша. Жаз шыға бүкіл қалада көше жөндеудің басталатыны сондықтан»


«Өте дұрыс айтасыз істелген жерді жаңа әкім келіп қопарады,ал тозығы жеткен көшелер мен жаңадан ашылған Саяхатта жолдар асфальтанбаған осындай кезек күтірмейтін жерлерді істеудің орнына жап-жақсы Астана көшесін жедел қазудың не қажеті бар, барды жоқ кылудың мәнісі неде жатыр халық таң қалуда,әлде қәзір ешнәрсеге таң қалмаңыз деген дұрыс па?

Сіздер қалай ойлайсыздар ?»

«Есіл ақша-ай, қайда шашылмай жатыр. Сауаты төмен, тәжірибесіз, жұмысты ұйымдастыру мен басқару қабілеті нашар, жемқор, жаны ашымайтындар басқарғасын осындай келеңсіз жәйттар болып жатқаны. Тек ойлайтындары, бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржыны жыл аяғына дейін игеріп, тауысып, игерілмей кері қайтарылуына жол бермесе болды. Атқарылған жұмыстардың халыққа қажеттілігі, сапасы мен тиімділігі және басқа да шарттары ескерусіз қала береді. Қазірдің өзінде салынып жатқан және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептерде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын көрсеңіз, масқара! Тек қана уақытқа жұмыс істеп жатыр, оқу жылы басталғанша бітіру - бар ойлары.»


«Қылшығы да қисаймаған жиек тастар басқаларға сатылады. Осылайша пайда табады. Жемқор жүйенің ойлап таппайтыны жоқ»


«Әкімдердің ақша жеп, құлқынын толтырудың тікелей жолы, оны халықтың бәрі біледі, соны біле тұра, соған жол беріп қолдап отырған мәслихатты таратып, депутаттарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.»


«СӘДУАҚАС АҢСАТ ТУРАСЫН БЕТКЕ АЙТАТЫН ТУРАШЫЛ АДАМ. АЙТҚАНДАРЫ ХАЛЫҚТЫҢ ОЙЫНАН ШЫҒАТЫН СӨЗДЕР. ҚЫЗЫЛОРДА ХАЛҚЫНЫҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ БҮЛ ІСТІ ҚОЛДАМАЙ ОТЫР. БҰЛ ЖҰМЫСТЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕУ КЕРЕК...»


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджетті оңды-солды шашпай, қажетті бағытта ғана жұмсау керек деген пәрменді тапсырмасы Қызылорда облысы әкімдігіне әсер етпей ме ? Әлде облыста халыққа шын қажетті жағдай жасауды талап ететін маңызды жұмыстар жоқ па деген сауал туындайды.