ҚЫЗЫЛОРДАДА САЯЖАЙ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ МЕ?

3 337

Қызылорда қаласына қарасты  «Ягодка, Пищевик» саяжайларының тұрғындары әкімдік өкілдері мен сайланған депутаттарын таппай жүргенін айтып шағымдануда. Саяжайда қыcы-жазы тұрақтап күн кешіп жүрген тұрғындардың мәселесі шаш етектен. Жергілікті атқа мінерлерге шағымданып шаршаған тұрғындар, саяжайға "Opennews.kz" тілшісін арнайы шақырды.


Тереңөзек кентіне баратын саяжайдың жолында жаяу кетіп бара жатқан тұрғындарды көріп, қалаға қатынаудың өзі оңайға соқпайтынын түсіне қойдық. Саяжай мәселесін қаншама рет көтеріп жүрген белсенді зейнеткер Манат Джанпейісованы әңгімеге тарттық.


«Халайық, сайлаудың өткеніне жарты жылдай болып қалыпты, сайлауға белсене араласқандардың бірі мен едім. Үміткермен кездесу болды, халық мұң мұқтажын айтып, мәселелерді алдына жайып салды. Үміткеріміз сайланса  белсене кірісетін болды. Жиналғанның бәрі шұбырып барып дауыс бердік. Ұйымдастырушы баяғы мен ғой. Сайлау өтті, үміткеріміз депутат болды. Ал енді содан кейін депутаттың қарасын көрсетпеді, ал берген уәдесі жайында қалды. Депутатың қайда деп халық менен сұрайды. Менің телефон шалғаныма жауап жоқ, көтермейді. Сіздерден сұрайын дегенісм, Мемлекет басшысы Тоқаевтың үкімі бар деп естідім. Егер депутат уәдесінде тұрмаса не орындамаса халықтың жағдайын жақсартуға, мәселесін шешуге толық міндетін атқармаса халық сенімін ақтамаса біз яғни сайлаушылар ондай депутаттан бас тарта аламыз ба? «Ягодка», «Пищевик», «Болашақ» тұрғындарының өтініші» - деп Фейсбук желісіне жазған жазбасын оқып, мәселені тарқатып айтып берді. 



«От жағып отырмыз, газ жоқ, ауыз су жоқ, медпункт та қарастырылмаған. Суды дариядан тасып отырмыз. Саябақ болған соң бізге көмек бергісі жоқ. Қабылдаудың бәріне бардық. 2000-нан астам үй бар, ал әр үйде көпбалалы, мүгедектігі бар жандар мен азқамтылған отбасылар өмір сүреді. Тіпті автобус та жоқ қатынайтын. Жолдың нашарлығын алға тартып қоғамдық көлік бермей отыр. Қала орталығына көңіл бөле бермей біздің саябаққа да көмек керек екенін билік басындағылар білсе,» - деді саябақ тұрғыны.


Көршісіне  жолыққан журналистерді аңғарған көкеміз, саяжайдағы бірқатар мәселелерді де атап өтуді жөн санады:


«Көршімнің айтқанынан басқа, бізге ең бастысы дәрігерлік амбулатория керек. Одан кейін балаларға бастауыш мектебі керек. Бізде ештеңе жоқ. Амбулаторияға бір дәрігер қойса жеткілікті болатын еді. Жедел-жәрдемді қаладан қайта-қайта зовндап шақырамын, әйелімнің қан қысымы көтеріліп жатыр деп. Ешқайсысы келген емес. Өлесің де қаласың. Саяжайда қарт кісілер өте көп. Талабым орынды емес пе?!»,- деді Серғали Жакупов.


Қызылорда қаласы әкімдігіне саяжайды газдандыру мәселесі туралы сұрап мәселенің мән-жайын білмек болдық. Қала әкімінің өкілдері: 

«Ягодка, Пищевик, Болашақ саяжайларына газ жүргізу мақсатында Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан жоба іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін қажетті қаржыға бюджеттік өтінім беріліп, жобаның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынатын болады. Жоба әзірленгеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі»,- деген жауап алдық.

Сонымен қатар әкімдік берген жауапта 

«Талсуат ауылдық округінде №5 қалалық емханаға қарасты Талсуат ауылдық дәрігерлік амбулаториясы халыққа қызмет көрсетуде. Дәрігерлік амбулаторияның медициналық қызмет көрсету аймағына Талсуат, Геолог, 10-11 бекет және Дружба, Строитель, Ягодка, Пищевик саяжайлары қамтылған» - деп, саяжайға арнайы медпункт салынбайтынын айтқан.


Cонымен, саяжайға қатысты қатпарлы мәселе шешілуі мүмкін бе? Әлде, расында да, оған қажеттілік жоқ па? Олай емес-ау. Десе де саяжай тұрғындары президент бағдарламаларынан зор үміт күтеді. Ал оны жергілікті билік ұшпаққа шығара алады ма? Мемлекет тарапынан қолайлы әрі оңтайлы жағдай жасалса да, жергілікті билік 6000-ға жуық тұрғынның жағдайына көңіл бөлсе игі бастаманың бірі болары анық.