Жалағаш ауданының әкімі «Harvest Kazakhstan» компаниясының басшысымен кездесті

1 574

Фото: Жалағаш аудан әкімдігіБүгін ауданымызға жұмыс сапарымен «Harvest Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дәулет Увашев бастаған делегация келді. Сапардың негізгі мақсаты – ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық әлеуетімен танысу, сондай-ақ өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қонақтарды аудан әкімі Ардақ Ибраимов қабылдап, кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті мәселелер мен даму перспективалары талқыланды. Әсіресе, егін шаруашылығын жетілдіру, жаңа жер телімдерін игеру және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу кезінде аудан әкімі соңғы жылдары ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен өндіріс көлемін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ ауданның табиғи-климаттық жағдайы мен топырақ құнарлылығы астық және майлы дақылдарды өсіруге қолайлы екенін айтты.

– Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басу. Инвесторлар үшін барлық заңды негізде қолдау көрсетуге дайынбыз. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті көмек көрсетіледі. Әр жоба аудан экономикасының өркендеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз үлесін қосады, – деді Ардақ Ибраимов.

Өз кезегінде «Harvest Kazakhstan» компаниясының бас директоры Дәулет Увашев ауданның аграрлық әлеуетіне жоғары баға беріп, бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. Компания өкілдері ұсынылған жер телімін аралап, егін шаруашылығына арналған инфрақұрылыммен танысты.

– Біз үшін жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдау өте маңызды. Бұл өзара тиімді серіктестіктің негізін қалыптастырады. Егін шаруашылығын дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Дәулет Увашев.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты нығайту және ауыл шаруашылығы саласында нақты жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.

Аудан әкімдігі мен инвесторлар арасындағы бұл кездесу ауыл шаруашылығына жаңа серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуі күтілуде.