Қармақшыда «Білімді ұрпақ - жарқын болашақ кепілі» атты іс-шара өтті
Елдің ертеңі – білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында екені анық. Аудан басшысы Жандос Еркінбек болашақтың тірегі саналатын жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына әрдайым ерекше назар аударып келеді. Себебі білімді әрі бәсекеге қабілетті жас буын – ел дамуының негізгі қозғаушы күші.
Осы мақсатта бүгін Руханият орталығы базасында аудан әкімінің қатысуымен «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты дарынды оқушылармен кездесу өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған тағылымды шараға білім, ғылым, спорт және өнер салаларында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген аудан оқушылары қатысты. Кездесу аясында алдымен «Үздік инновациялық жобалар көрмесі» ұйымдастырылып, жас өнертапқыштар өздерінің ғылыми жобалары мен тың бастамаларын таныстырды. Оқушылар робототехника, экология, цифрлық технология, ауыл шаруашылығы, медицина және жасанды интеллект бағыттарындағы жобаларын көпшілік назарына ұсынып, олардың қоғамға тигізер пайдасы туралы баяндады. Көрме барысында аудан басшысы оқушылардың шығармашылық ізденістеріне жоғары баға беріп, әр жобамен жеке танысты.![]()
Кездесу барысында аудан әкімі сөз сөйлеп: «Халқымызда “Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен” деген мағыналы сөз бар. Сіздер – сол үмітті ақтап келе жатқан, ауданымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген дарынды ұл-қыздарысыздар. Қай салада жүрсеңіздер де, ең бастысы – елге адал қызмет ету, туған жердің дамуына үлес қосу. Сіздерге артылар сенім мол. Алға қойған мақсаттарыңыз айқын, білім жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын! Біз әрдайым сіздерді қолдауға дайынбыз», – деп жастармен ашық пікір алмасудың маңызын атап өтті.
Жиын барысында оқушылар аудан басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Әсіресе балалық шақтағы арман, жетістікке жетудегі еңбек пен табандылық, уақытты тиімді пайдалану, кітап оқудың маңызы, болашақ мамандық таңдау және қоғамдағы жастардың рөлі секілді өзекті тақырыптар кеңінен қозғалды. Сонымен қатар аудан оқушылары білім мен ғылым саласындағы жаңа идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды. Шара аясында өнерлі жастар ән айтып, күй орындап, түрлі музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынды. Бұл кеш қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлап, жастардың шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік берді. Кездесу соңында ауданның қоғамдық және білім саласындағы абыройын асқақтатып жүрген бірқатар дарынды оқушылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Аудан басшысы жастарға сәттілік тілеп:
«Бүгін өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын. Ата-ананы сыйлап, ұстаздарыңызды құрметтеңіздер. Білімге деген құштарлықтарыңыз ешқашан сөнбесін. Жарқын болашақ өз қолдарыңызда. Ел сенімін ақтайтын азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», – деп жиынды қорытындылады.![]()
Айта кету керек, бүгінде мемлекет тарапынан дарынды балаларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Жыл сайын республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар байқауы, шығармашылық және спорттық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге білім гранттары мен жоғары оқу орындарына түсу кезінде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан халқына қоры арқылы дарынды жастарға қолдау көрсетіліп, Президенттік білім гранттары ұсынылуда. Ал Болашақ бағдарламасы аясында талапты жастар әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алып отыр.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







