ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ТЕХНИКАЛАР МЕН ЖЕҢІЛ КӨЛІКТЕРДІҢ КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ТЕХНИКАЛАР МЕН ЖЕҢІЛ КӨЛІКТЕРДІҢ КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
Қызылорда қаласында азаматтық қорғау жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған маңызды шара өтті. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің, құқық қорғау органдарының бірінші басшыларының, сала ардагерлерінің және азаматтық қорғау саласының қызметкерлерінің қатысуымен өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөлімшелеріне арналған жаңа техникалар мен арнайы жабдықталған жеңіл автокөліктердің кілтін табыстау рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты шара барысында азаматтық қорғау органдарының бөлімшелеріне жалпы саны 11 заманауи өрт сөндіру техникасы мен арнайы жабдықталған жеңіл автокөліктің кілті табысталды. Жаңа техникалар төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт ошақтарын жедел сөндіру, құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Рәсімге қатысушылар алдымен арнайы техникалардың мүмкіндіктерімен танысып, олардың техникалық сипаттамалары мен жабдықталу деңгейін көрді. Заманауи көліктер жоғары өтімділігімен, заманауи байланыс құралдарымен және арнайы құтқару жабдықтарымен ерекшеленеді. Бұл төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету уақытын қысқартуға
және құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтық қорғау жүйесінің қызметкерлері қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше миссия атқаратынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою ісінде құтқарушылардың еңбегіне әрдайым жоғары баға беріп келеді. Президентіміз: «Табиғи және техногендік апаттар туындаған кезде құтқарушылардың еңбегі ерекше мемлекеттік мәнге ие болады. Мемлекет сіздердің қажырлы еңбектеріңізді бағалайды», – деп атап көрсеткен болатын.
Шын мәнінде, азаматтық қорғау органдары – төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында тәулік бойы қызмет атқаратын маңызды құрылымдардың бірі. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті, кәсіби даярлықты және батылдықты талап етеді. Қауіп-қатерге қарамастан өз міндетін адал атқарып жүрген барлық сала қызметкерлеріне ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі соңғы жылдары Президент пен Үкімет тарапынан азаматтық қорғау жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Соның нәтижесінде өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңа техникалар сатып алынуда, құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қабылдануда.
– Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында азаматтық қорғау саласының әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Біз де өңір деңгейінде бұл жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, құтқарушылардың қызмет етуіне қолайлы жағдай жасауға басымдық береміз. Бүгін табысталып отырған жаңа техникалар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды құралға айналады деп сенемін. Жаңа көліктер игіліктеріңізге қызмет етіп, жұмыстарыңызға серпін берсін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шарада сөз алған Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін жоғары бағалады.
Министр өз сөзінде соңғы жылдары елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жүйесін жетілдіру
бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттыру.
– Құтқарушы мамандығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Сіздер күн сайын азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жолында қызмет етесіздер. Табиғи апаттар, өрттер мен төтенше жағдайлар кезінде кәсібилік пен батылдық танытып келесіздер. Мемлекет сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалайды және қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деді Шыңғыс Әрінов.
Шара барысында төтенше жағдайлар саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен қызметкерлер мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Өздерінің кәсіби міндеттерін адал атқарып, азаматтық қорғау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мамандар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар ерекше көзге түскен қызметкерлер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларына ие болды. Марапат иелерінің қатарында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, диспетчерлер, инженерлік-техникалық қызметкерлер және азаматтық қорғау жүйесінің ардагерлері бар.
Салтанатты рәсімнің ең әсерлі сәттерінің бірі жаңа техникалардың кілтін табыстау болды. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жаңа техникалар мен арнайы автокөліктердің кілттерін бөлімше басшыларына табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Жаңа техникалар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Олар күрделі табиғи-климаттық жағдайларда жұмыс істеуге бейімделген және өрт сөндіру мен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық құралдармен қамтамасыз етілген.
Мамандардың айтуынша, техникалардың жаңаруы төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартып, қызмет тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе шалғай ауылдық елді мекендерде туындайтын өрттер мен төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін мұндай техникалардың маңызы зор.
Рәсім аяқталғаннан кейін облыс әкімі мен Төтенше жағдайлар министрі Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Олар бөлімшенің материалдық-техникалық базасын аралап көріп, жеке құраммен кездесті.
Бөлім қызметкерлері күнделікті атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып, арнайы техникалар мен жабдықтардың мүмкіндіктерін көрсетті. Сонымен қатар өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары кезінде қолданылатын заманауи құралдар таныстырылды.
Кездесу барысында азаматтық қорғау жүйесінің қызметкерлері үшін жасалған әлеуметтік жағдайлар, еңбек қауіпсіздігі, кәсіби даярлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Айта кету керек, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде соңғы жылдары жаңа өрт сөндіру бөлімдері мен бекеттері ашылып, ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейі артып келеді.
Атап айтқанда, күні кеше Арал ауданының Қамыстыбас ауылдық округінде және Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылдық округінде «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеттері пайдалануға берілді.
Бұл бастама шалғай ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба болып табылады. Жаңа бекеттердің ашылуы төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартып, өрттің таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар өңірде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Су тасқынының алдын алу, орман және дала өрттерімен күресу, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Жалпы алғанда, бүгінгі салтанатты рәсім азаматтық қорғау жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Жаңа техникалар мен арнайы автокөліктер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың салдарын жедел жоюға және құтқарушылардың қызметін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







