Балмұздақ үшін жанжалдасқан әйел мен сатушының видеосы желіні шулатты
Желіде 1 маусым балалар күніне орай, саябақта орын алған тағы бур шулы оқиғаның видеосы тарады. Онда балмұздақ үшін ұрысқан ана мен сатушыны көруге болады.
Instagram-дағы танымал парақшалардың бірінде пайда болған видеода сатушы мен әйел адамның балмұздақ үшін ұрысқан сәтін анық көруге болады. Видео авторы "Бүгін саябақта болған жағдай" деген қысқа ғана пікір қалдырған.
Аталған оқиғаға қатысты желі қолданушыларының пікірі қақ жарылған. Олардың бірі жөнді жауап бермеген сатушыны кінәласа, енді бірі жанжал шығарған әйел адамды кінәлаған.
"Тапа-тал түсте бір балмұздақ үшін ұят емес пе?", "Адамдар ашулы болып кеткен", "Оқиғаға тек бір жақты қарауға болмайды, бәлкім әйел адамды осындай күйге сатушының өзі жеткізген шығар", "Мүмкін тегін береді деп ойлады ма екен", "Қазір көпбалалы аналар да, жалпы әйелдердің бәрі осындай ашушаң, шу шығарғыш болып кеткен", "Сатушының орнында болсам әйелдің үстінен арыз жазар едім" деген пікірлерін жаудырған.
Аталған мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіне хабарласып көрдік. Ондағылар оқиғаның елордадағы саябақтардың бірінде болғанын растады.
"1 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық саябақта қала тұрғыны мен сатушы арасында жанжал орын алды. Әйел адам балаларымен балмұздаққа кезек күтіп тұрғаны, сөйтіп 4 балмұздаққа 10 мың теңге көлеміндегі қағаз ақша бергені белгілі болды. Осылайша сатушы оған дөрекі түрде артылған ақшаны қайтара алмайтынын жеткізген.
Сөйтіп олардың араларында ұрыс-керіс болған. Оқиға полиция қызметкерлерімен сол жерде реттелген. Екі тарапқа да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының полициясы қала тұрғындарына қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға шақырады", - дейді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова.