Қала күні қарсаңындағы «Үздік аула – 2025» байқауының жеңімпаздарын марапаттады

1 545

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚызылорда қаласында «Қала күні» мерекесі аясында ұйымдастырылған «Бақ-ырыстың арнасы – Қызылордам!» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі аясында дәстүрлі «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл байқау қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті арттыру, тазалық пен тәртіпті сақтау, шаһарды көгалдандыру ісіне жұртшылықтың белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде байқау қаланың абаттануы мен көркейіп, гүлденуіне айрықша серпін берді.

Қала тұрғындарының еңбегі – көрікті шаһар кепілі

Марапаттау рәсімінде қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтап, тұрғындардың өз аулаларын көркейтуге қосып жатқан еңбектерінің маңыздылығын атап өтті.

– Қаламыздың ажарын ашып, көркін келтіріп отырған әр тұрғынның еңбегі зор. Әрбір гүл отырғызу, әрбір ағаш егу – бұл қаланың болашағына қосылған үлес. Бүгінгі марапат – сол еңбектің жемісі. Осындай игі бастамалар тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттырады және көршілер арасындағы бірлікті нығайтады, – деді Дархан Тұрсынбаев.

Биыл сегізінші мәрте өткен байқауға оннан астам көпқабатты тұрғын үй ауласы өтінім беріп, өз бақтарын сынады. Комиссия мүшелері аулалардың тазалығы, көгалдандыру деңгейі, тұрғындардың белсенділігі және эстетикалық безендірілуіне баға берді.

Байқау жеңімпаздары мен номинациялар

Комиссия шешімімен З. Шүкіров көшесі, №100Г үйдің тұрғыны Сәлима Көптілеуқызының ауласы ең үздік деп танылып, байқаудың бас жүлдесін иеленді. Жеңімпазға қала әкімінің дипломы мен 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификат табысталды.

ІІ орынды Қорқыт ата көшесі, №239 үй тұрғыны Зайнап Бакирқызы иеленіп, 150 мың теңге қаржылай сыйақы алды.

ІІІ орынға Әйтеке би көшесі, №27 үй тұрғыны Валентина Алексеевна лайық деп танылып, 100 мың теңге қаржылай сертификатпен марапатталды.

Сонымен қатар, байқау барысында арнайы номинациялар бойынша да үздіктер анықталды:

  • «Бірлігі жарасқан аула» – Байсеитова көшесі, №100 үй тұрғыны Светлана Анатольевна;
  • «Еңбекқор бағбан» – «Шұғыла» мөлтек ауданы, №27 үй тұрғыны Күлзираш Әлібекқызы;
  • «Әсем аула» – «Шұғыла» мөлтек ауданы, №30 үй тұрғыны Гүлсім Мәлікқызы.

Номинация иегерлеріне қала әкімінің дипломдары мен 70 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификаттар табысталды.

Қала тазалығына үлес қосқандар да марапатталды

Шара барысында қаланың тазалығын қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген тазалық қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Қала әкімінің «Алғыс хаттары» мен 70 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтары оларға табысталды.

Үздік аула – үлгі мен ынтымақ нышаны

Жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына арнайы «Үздік аула – 2025» тақтайшасы орнатылды. Бұл тек марапат қана емес, көрші аулаларға үлгі әрі қоғамды тазалық пен көркейту мәдениетіне баулудың бір көрінісі.

Шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділігі мен еңбегі үшін алғыс білдіріп, Қызылорданы көркейту жолындағы бірлік пен ынтымақты сақтау қажеттігін атап өтті.

– Қаламыздың әр ауласы таза, көрікті әрі жасыл болса, Қызылорда да соғұрлым жайлы әрі өмір сүруге қолайлы қалаға айналады. Бұл – әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі, – деді ұйымдастырушылар.