Қызылордада ескі теміржол бекеті ғимараты сынға қалды

2 528

Фото: ©Telegram / @egovpressҚызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекеніндегі теміржол бекетінің ғимараты әлеуметтік желіде тараған видеожазбада сынға ұшырады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

 Бейнежазбада ғимараттың өте ескіргені, күрделі жөндеуді қажет ететіні көрсетілген. Бұл бекет 1905 жылы Ташкент–Орынбор теміржолын салу кезінде тұрғызылған және Қызылорда облысының жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
«Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ хабарлауынша, ғимарат қазір жергілікті атқарушы органның иелігінде емес, жеке кәсіпкерге сатылған. Ол бекет қазіргі таңда дүкен ретінде қызмет атқарады. Жергілікті әкімдік тарихи нысанның құқықтық иесі өзгергенін және оның мәдени-тарихи құндылығын сақтап қалу қажеттігін айтты. Тұрғындар мен тарихшылар ғимараттың тарихи сипатын сақтау мақсатында қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруды сұрап отыр.

– Жолаушы тасымалдау 2012 жылы салынған жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар басқа ғимаратта жүзеге асырылады. Аумағы – 94,5 шаршы метр, оған қоса 12 адамға арналған күту залы бар. Станса арқылы 7 жұп жолаушылар пойызы қатынайды, орта есеппен күніне 15 жолаушы жөнелтіледі. Қазіргі жолаушылар ағымының есебіне сәйкес ғимаратта жолаушыларға қызмет көрсету үшін қажет жағдай жасалған, – делінген хабарламада.