Келінін балағаттаған қызылордалық "қайын атаға" арақ ішуге тыйым салынды
Қызылорда облыстық соты келініне балағат сөздер айтқаны үшін қазақстандыққа бірнеше күндік қамау жазасы беріліп, 3 айға алкоголь ішуге тыйым салынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Соттың желідегі ресми парақшасында хабарланғандай, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексі 73-бабының 1-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Арал аудандық сотында қаралған.
Жәбірленуші соттан туысына қатысты шара қолдануды сұрады. Себебі келінінің айтуынша, мұндай жағдайлар үнемі қайталанып тұрады.
Ер адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны іс материалдарымен дәлелденді. Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар сот ер адамның мінез-құлқына арнайы талаптар белгіледі. Оған 3 ай мерзімге алкогольді ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға толық тыйым салынды.