Аймақ басшысы Арал ауданындағы жол құрылысымен танысты
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Аймақ басшысымен бірге Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев пен Мұрат Әбенов те ауданға ат басын тіреді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сапар барысында делегация Арал қаласындағы Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарының жай-күйін көзбен көрді. Бұл – қала тұрғындары көптен күткен, әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың бірі.
Аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы 2023 жылы әзірленген болатын. Құны – 1 млрд 604,9 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме – «Арал құрылысы» ЖШС. Қазіргі таңда Байқоңыр көшесінен І.Жүсіпов көшесіне дейінгі аралықта ескі асфальт жабындысы толық қырылып, жол табаны тегістеліп, асфальт төсеуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Асфальттың бірінші қабатына қара қиыршық тас төселуде.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 2,3 шақырым болатын Бақтыбай батыр көшесіне ені 12 метр асфальт төселеді. Жол бойынан жаяу жүргіншілер үшін ені 1,5 метр болатын тротуарлар салу, түнгі жарықшамдар мен аялдамалар орнату жоспарланған. Сонымен қатар, Әбілқайыр хан көшесінен №260 орта мектепке дейінгі аралықта жол ені 5,5 метрге дейін кеңейтіліп, осы учаскеде төрт бағдаршам жаңартылып, бір жаңа бағдаршам орнатылатын болады.
Жобамен танысу барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мердігер мекемеге нақты талаптар қойды. Атап айтқанда, жол құрылысының сапасы мен қауіпсіздік стандарттарына сай орындалуын, сондай-ақ бекітілген мерзімнен кешікпеуді қатаң тапсырды.
«Бүгінгі күні аймақ халқының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуда инфрақұрылымның маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жол саласы басты назарда. Сондықтан әрбір жобаның сапасына, тиімділігіне жіті мән беруіміз қажет. Арал тұрғындары бұл көшенің қайта жаңғыртылуын көптен күткен. Сол сенімді ақтау – сіздердің міндеттеріңіз», – деді аймақ басшысы мердігер мекеме өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.
Сапар аясында халық қалаулылары да аудан халқының әлеуметтік жағдайымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндай сапарлар аймақтардағы өзекті мәселелерді нақты көзбен көруге және тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Жалпы, соңғы жылдары Қызылорда облысында жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Тек биылдың өзінде өңір бойынша ондаған жол жобасы іске асып жатыр. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмысын жақсартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Тағы да оқыңыздар







