ӘКІМНІҢ БАСТАМАСЫ АЯҚСЫЗ ҚАЛДЫ МА?

5 964

Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе елді мекенінде баубақша дақылдарын егу үшін берілген 10 соттық жерлерге су бармай егіншілер зардап шегуде, -  деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Осы көктемде Қызылорда қаласы іргесіндегі Қарауылтөбе ауылы маңынан әр тұрғынға бақша дақылдарын егу мақсатында 10 соттықтан жер берілген болатын. Бұл мәселе «АМАНАТ» партиясының Республикалық сайлауалды штабының кездесуінде де  көтерілген. Оң шешім шығып, әр тұрғынға берілген 10 соттық жерге картоп, сәбіз секілді бақша дақылдары егілетін болды. Естеріңізге сала кетсек, «Қызылордалық тұрғындарға бақша дақылдарын егуге жер берілмек» атты мақаламызда жариялаған едік.


Аталмыш мәселеге аймақ басшысының өзі назар аударып, сырттан ауыл шаруашылық өнімдері тасымалданбай өзімізден өндірейік деп бастама тастағаны белгілі. 


«Аудан әкімінің шамасы келмесе мен шешіп беремін! Кәсіпкерлер мен құрылысшыларға айтам, тіпті жанар-жағар майына дейін шешіп беремін. Қойма дайын СПК «Байқоңыр» өнімдерді сатып алуға дайын» - деген болатын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.



Алайда қазіргі таңда егіншілердің еңбегі зая кетіп, жанармай түгілі қара суға зар болып отырған жайы бар. Естір құлақ болса егілген көкөніс пен дақылдар су тапшылығынан қурап, тіпті іші былжырап жеуге жарамсыз болды дейді диқаншылар.


«Суды күріштікке жіберіп,біздің еккен егінге берілмей тұр. Қанша шығынымыз кетті. Берілген жерді қоршау, дәнді дақылдар, тіпті еңбегіміз зая кетті. Осындай жағдай боларын білгенде бас тартар едік. Құр әуре болдық. Улап береміз деген оның өзі мына көріністегідей құрттап кетті.», - дейді әлеуметтік желідегі жазбасында. 


Ағын судың жоқтығынан бірнеше егіншілердің  шаруасы шайқалып, тірлігі тұралап тұр. Бау-бақша салып, егін егумен күнелткен жұрт не істерін білмей дал. Қуаңшылықтың қыспағына түскен егістік суарылмағандықтан өздігінен құрт басып, жәндіктердің жемісіне айналғандай-ақ. Шаруаларға енді кенезесі кепкен алқаптағы егінін тастап кетуден басқа амал қалмай тұр.


Өнім болмағандықтан биыл шығынға бататынын білген жұрт әкімдіктің берген уәдесінде тұрмағанына қапалы. 

Ал аталмыш мәселе бойынша Қарауылтөбе ауылдық округі әкімі:

«Қазіргі таңда жердің жыртуы мен қарықталуы ұйымдастырылды. Судың мәселесі орын алып отыр.  Екі канал арқылы кезекпен беріледі. 20-ға жуық егістікке су берілді. Егіншілер аптасына бір рет өздері алып алса болады» - деді Еркін Әбдірайханұлы.


Ал, сала мамандары облысымыздағы су тапшылығы бар екендігін жасырмады. Облыстық қана емес республикалық дәрежедеге көкейтесті мәселе екендігін алға тартқан Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мамандары:


«Егістік барысына 10 күн бойына су берілмеді. Жалпы су тапшылығына байланысты кезекшілікпен беріліп отыр. Шіркейлі каналы бойынша 5-күн сайын кезектесіп беріледі. Р-1 дан күріштік бар сол жақтан күріштікке де су беріледі. Бір реттік тегін уланады кейінгі улануы ақылы жүргізіледі. Су тапшылығы облыс көлеміндегі мәселе», - ауылшаруашылық және жер қатынастар бөлімінің бас маманы  Нұрлыбек Жұмабаев. 


Басында бұл жаңалыққа қуанған тұрғындар, соңы бұндай жауапсыздықпен бітетініне наразы. «Қайыр қылсаң бүткін қыл» деген ұлағатты тәмсілді Қызылорда облысы әкімдігі неге естен шығара береді деп өкпесін кімге айтарын білмей жүрген диханның қарасы көбеюде. Ал жергілікті әкімдік қолдан келгенді жасадыққа басып, өздеріне шаң жуытар емес. Дихандардың жаз бойғы еңбегінің обалы кімге?