Қызылордалық тұрғындарға бақша дақылдарын егуге уақытша жер берілмек
Қызылордалық тұрғындарға бақша дақылдарын өсіруге аймақтан уақытша жер берілмек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«AMANAT» партиясы Республикалық сайлауалды штабының Сыр өңіріндегі ауылшарушылығы саласы өкілдерімен кездесуі барысында «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Самалбек Қосанов қала тұрғындарына бау-бақша өсіруге жағдай жасау мәселесін көтерген болатын.Аталмыш мәселе жақында партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың төрағалығымен партия алаңында арнайы қаралды.
Отырысқа Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Д.Ермеков, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы м.а. Қ.Жүсіпов, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Е.Ахетов және С.Қосановтың өзі қатысты.
Жиын барысында аталған ұсыныс жергілікті әкімдік пен тиісті бөлімдер тарапынан қолдау тауып, оң шешілетін болды. Қазір қала тұрғындарына бау-бақша егіп, күнкөріс қамын жасаймын деген азаматтар болса, әр отбасына маусымдық кезеңге Қарауылтөбе ауылдық округі маңынан картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егуге 10 сотық жер берілетін болып шешілді. Атап өтейік «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» бұл іске қолдаушы болып отыр. Жер, аяқ су барлық мүмкіндік жасалады. Мұнан бөлек жиын барысында Қарауылтөбе ауылының есік алдында бақша өнімдерін өсіруді жүзеге асырамын деген тұрғындары үшін тегін тұқым қарастыру мәселесі де сөз болды.
Бақша дақылдарын егуге ынталы тұрғындарды Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» КММ-не 27-11-58, 27-45-49 байланыс телефондары арқылы хабарласуға болатындығын назарға саламыз.