Қызылордалық нәзік жанды кәсіпкер брусчатка өндірісімен аймақ экономикасына үлес қосуда
Қызылордалық нәзік жанды - Гүлзат есімді азаматша жеке кәсіп ашып, аймақтың дамуына өз үлесін қосуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Әрекетке берекет» айдарының келесі кейіпкері, отбасының берекесін ұйытып отырған, қызметпен бірге үй тірлігін қатар алып жүрген нәзік жандылардың бірі – ЖК «Абилова» мекемесінің директоры Гүлзат Абилова.
Кәсіпкер 2015 жылдан бастап брусчатка өндірісімен айналысып келеді. Ал, 2022 жылдың қараша айында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант конкурсына қатысуға жаңадан «Еурозабор» жобасын әзірлеп, қайтарымсыз грантқа ие болды.
Оның еуропалық үлгіде дайындаған темір-бетоннан жасалған өнімдеріне сұраныс жоғары. Қайтарымсыз қаржыға жаңа кәсіпке қажетті құрал-жабдықтарды алып, 1 апта ішінде арнайы қалыпқа салып әзірленетін еурозабордың 600-800 метрін өндіріп, тапсырыс берушіге жөнелткен. Кәсіпкер көбіне тапсырыспен жұмыс істейді. Сонымен қатар, кәсіпкер қазір суағар, бордюр,баспалдақ қаптағыш, тіпті брусчатканың 12 түрін құйып жатыр. 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар цементті әбден араластырып, қажетті түстерге бояйды. Содан соң түрлі пішіндердегі қалыптарға құйып, арнайы аппаратпен тығыздайды. Бұл жұмыстың барлығы тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады.