Сырдария ауданында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр

2 304

Фото: gov.kzСырдария ауданында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Биыл бағдарлама аясында ауданға 55,8 млн теңге бөлініп, оған 9 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған Серік Әбжәлиев Қалжан ахун ауылында жылыжай ісін дамытып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ауыл тұрғыны аумағы 300 шаршы метр болатын жылыжай салған. Мұнда қазір әрқайсысы 600 түп болатын қияр мен қызанақ бапталуда. Мамандар күн сайын қатарларды аралап, өнімнің өсіп-жетілуін бақылап отырады.

– Бұл кәсіпке қызығушылық 10 жыл бұрын басталды. Ол кезде жұбайыммен бірге есік алдындағы шағын аумақтағы жылыжайға егіп, екі реттен өнім алып жүрдік. Екеуміздің де тұрақты жұмысымыз бар. Уақыт өте келе сүйікті ісімізді кәсіп көзіне айналдырғымыз келді. Алдымен «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, есік алдына жылыжай салдық. Осылайша бастап кеттік. Қазір тұрақты тұтынушыларымыз бар. Көрші ауылдан келіп алады, өзіміз де дүкендерге өткіземіз. Жылыжайды үлкейту үшін тағы қосымша қаржы керек болды. Өңірлік инвестициялық орталықтан тағы несие алып, өнімді консервілейтін цех, оны сақтайтын қойма, көшет егетін жерді дайындап жатырмыз. Өз өнімдерімізден түрлі салат, тұздалған қияр жауып, оны да халыққа ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

Біле білген адамға жылыжай ісі оңай емес. Көшеттің түрін таңдай білуден бастап, оның әрқайсысын күтіп-баптаудың өзі үлкен шыдамды қажет етеді. Болашақта тек қияр мен қызанақ егіп қоймай, құлпынай мен гүл егуді де қолға алмақ. Өйткені аудан көлемінде бұл істе әлі бәсекелес жоқ. Елді мекенді гүлмен көмкеріп, айналасына әсемдік сыйлағанды ұнататын кәсіп иесінің тәжірибесі жетерлік.

Серік Әбжәлиев сонымен қатар ауылдағы «Бақ» шаруа қожалығының төрағасы. Бүгінге дейін 600 гектар жерге күріш ексе, қазір оны азайтып, суды аз қажет ететін өнімге көңіл бөлуде. Биыл 460 гектар жердің 180 гектарына «Каурис» сортын орналастырыпты.

– Жаңа сорттың қыр-сырын білмегеннен кейін бастапқыда қиындау болып жатыр. Бұл сорттың дәнін жерге тастап, толық  суға батқаннан кейін 125-128 күнге дейін ұстау керек екен. Бұған дейін «Лидер» сортын егетінбіз. Оның уақыты 120-125 күн аралығы. «Каурис» сортының бойы қысқа, бірақ өнімді мол береді. Айталық гектарына 109 центнер алуға мүмкіндік бар. Биыл жаңа сорттың қанша өнім беретінін көреміз. Дәл қазір оны болжау қиын. Ертең масақ шығарған уақытта байқауға болады, – дейді шаруа қожалығының иесі.

Кейінгі кезде шаруалар су тапшылығына байланысты, оны тиімді пайдалануды қолға алуда. Мәселен, күрішке пайдаланған суды далаға төкпей, қайтадан жібереді. Атыздың суын да кері айдап, оны да іске жаратып отыр. Оның үстіне ауа райының қатты ысуы шаруаларға қолайсыз. Дегенмен қиындыққа қарамастан, әдеттегі жұмысты алға жылжытуда күрішшілердің еңбегі зор.

Күріш – су мен күтімді көп қажет ететін дақыл. Сондықтан жаз бойы суару, арамшөбін жұлу, тыңайтқыш беру үздіксіз жалғасады. Шаруалар әр алқапты уақытылы қадағалап, тынымсыз тіршілік етеді. Сол еңбектің жемісін күзде көреді. Биыл еккен жаңа сорттан мол өнім алуға олар да үмітті.