ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР НИКАБ КИГЕНДЕРГЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

6 006

Қызылордада никаб киген жастар қатары көбеюде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Соңғы кездері бет-жүзін тұмшалап, қара жамылған қыз-келіншектерді Қызылорданың көшелерінен жиі кездестіреміз. Қазір қазақтың дәстүріне қайшы келетін осы бағытқа бет бұрған өте жас қыздар мен қысқа балақты шалбар киген сақалдылар көп. Ал, тұмшалана никаб киген жандарға қала тұрғындарының көзқарасы қандай? Жалпы паранжа мен никаб дегеніміз не?


Қазақтың қыз-келіншегі әдептіліктің белгісі ретінде тұла бойды жауып тұрды. Бас киімі жасына, отбасына қарай өзгеріп отырған. Тіпті оның да өзіндік бір философиясы бар. Көйлек етегінің ұзындығы ибалықты білдірсе, кимешек секілді бас киім бір жағынан тазалықты, бір жағынан көшпелі елдің көшпенді өмірінде әйелді қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғады. Ол жай ғана киім емес, өнер туындысы, әдеміліктің, сұлулықтың, нәзіктіктің нышаны еді. Сол себепті қазақ әйелінің киімі де оның әдемілігін одан сайын айқындап тұрды. Бұл – бұрын болатын! Қазір ше?… 


Қызы демей, келіншегі демей жаппай «хиджаб» кию сәнге айналды. Әуелде бастарына жаулық салып, жерді сыза ұзын көйлек киген бірлі-жарым қыздарды көрген кезде жатырқай қарағанымыз рас. Дін жолында жүрген болар деп, оған де етіміз үйренді. Бұл бара-бара жастар арасында сәнге айналды. Тек біздің елде ғана емес, хиджабқа деген «мода» еуропаны жаулап алды. Оған ғаламтордағы өздерінің хиджаб киген суреттерін елдің назарына ұсынып жүрген белгілі «жұлдыздарда» бар.


Ең сорақысы – бастан аяқ қара жамылған қыз-келіншектердің көбейгені. Ол хиджабтан да сорақы болды, «ниқаб» деп аталады. Денесінде көзінен басқа ашық жер қалдырмай, айналасына қорқыныш дәнін сепкен, еріксіз түрде «террорист» деген ой туындататын бұл қыз-келіншектердің басына күн туғаны ма, әлде жат ағымның жетегінде жүр ме? 


Паранжа туралы ең алғаш ежелгі Месопотамия еліндегі Астарта дәстүрінің жазбаларында айтылады. Тән махаббаты құдайының құрметіне елдегі бүкіл әйелдер жылына бір мәрте құдайдың ғибадатханасын жағалай өскен қасиетті орманға барып жезөкшелік жасауы тиіс болған. Жоғары қауым әйелдері ешкім танып қоймауы үшін бүкіл тұла бойын тұмшалап орап алатын салт ойлап шығарды десе-ді.


Ал, Швейцария аумағында бұдан былай никаб кигендер мен бүркеніп, қоғамдық орындарда бет-жүзін жасырғаны үшін 1 мың доллар мөлшерінде айыппұл салынады.


Ниқабқа келер болсақ бет-аузын тұмшалап алған жандар парсы, Араб, Иран даласы – шөл, үнемі құм борап тұратын болғандықтан, олардың әйелдері көздерін ғана қалдырып, тұмшаланып киінетін болған. Ниқаб – ол кейбір елдердің салтынан алынған жай ғана дәтүр, бірақ бұл туралы Исламның құқықтық негізгі ережелерінде ештеңе айтылмаған.  Алайда, жастар арасында өзіндік әзіл шыңы аралас «ниндзя әйел» атты лақап атымен кеңінен тарағаны да жасырын емес.


 Жергілікті тұрғындар мен қала жастары никаб кигендерге қалай қарайды?


Жастар арасында кәмелет жасқа толмай тұмшаланған бойжеткендердің көп екендігін аңғаруға болады. Тіпті енді бірі жұмыс уақытының кеш бітуіне байланысты «ниқаб» киеміз деген жандар да бар. 


«Мен жұмыстан қайтқанда күндіз хиджаб кешкісін ниқаб киіп қайтатын достарым бар.  Орамал бізді еркек адамның азғындық ойынан құтқарушы. Тіпті арам пиғыл әрекетінен сақтайды. Мен өзім ниқаб киіп қара жамылғанға қарсымыны. Бірақ шариғатымыз бойынша әуретті жерімізді жабуға міндеттелеміз.»,- дейді Айжан.


Шариғатта мұсылманның міндеттері белгіленген. Соны білмеген соң немесе жат ағымның кейбір өкілдерінің берген пәтуасының жетегінде жүргеннен осылай киініп жатқандар бар дейді имам.


«Қасиетті Құран Кәрім аяттарына жүгінсек, әйел адамның әурет жерін жабу туралы айтылған. Бірақ бұл жерде бетті тұмшалау, бетті жабу туралы айтылмаған. Жүзің және білегіңнің бас жағы, тобықтан төмен жердің барлығы әйел адамның әурет жері болып саналады. Осы жерлердің жабылу керектігі айтылған, бірақ, қандай киіммен жабу керектігі көрсетілмеген. Міндетті түрде қара киіммен жабылсын деген сөз жоқ. Оны қалай жапсаң да өз еркіңдегі нәрсе. Ал ниқабқа келсек, біз Әбу Ханифа мазхабына сай құлшылық жасаймыз. Біздің діни құлшылықтарымызды жан-жақты, егжай-тегжей түсіндіріп берген ғалымның өзі ниқаб, яғни, бетті тұмшалау міндетті емес екенін жеткізген. Киім киісіне қарап, бірден айта алмаймыз. Өйткені кейбірі Сауд Арабиясынан, Түркиядан, Ираннан оқып келіп, сол елдің ұлттық киімі ретінде көйлектерді киіп жүруі мүмкін. Бұл елдерде ондай киімге үреймен қарамайды, себебі, бұл олар үшін көзге үйреншікті. Ал қазақтың санасында қара жамылып, бетті бүркемелеу жаман ырым ретінде қабылданады. Адам қайтқанда, «қара жамылды» деп айтып жатамыз. «Артында жат ағым өкілдері тұрған болар, ертең елімізге қауіп төндіруі мүмкін, әдет-ғұрыптарымызды жоққа шығарады, дәстүрімізге қырын қарайды» деп көңілімізде күпті ойлар тууы мүмкін. Бәрі бірдей саляфи, уахаби немесе тағы басқа ағым өкілдері деп, бірден қорытынды шығаруға болмайы. Өйткені, ханафи мазхабындағы әйел адамдар арасында да қара киім киіп, қара орамал таққанды жақсы көретіндер бар. Өзім біреуінен «неге олай киінесің?» деп сұрап көргенде, «маған ұнайды» дегендер болды. Бірақ, бұл бірен-сараң. Ал біздің елде ниқаб тақпағаны дұрыс. Ниқаб дегеніміз бетперде. Дінімізді ниқаб киіп, қорқынышта көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені, ол парыз емес, ғалымдар ниқаб кисін демеген соң, оны көргенде бірден саляфи, жат ағым, уахаби деген тұжырым пайда болады.»,- дейді имам Алтынбек Ұтысханұлы.


Ал, мұсылмандықтың айғағы – тұмшаланған хиджап, қауғадай сақал емес, жүректегі иман.


Балағын кескендерде, сақалы өскендерде емес, Алланы жүрегіне ескендерде ғана иман бар екенін ұмытпайық ағайын. 


Никаб кигендерге сіздің көзқарасыңыз қандай?