Қызылордадағы егін ору науқанында 470 мың тоннаға жуық күріш жиналды
Қызылорда облысында биылғы жылдың маңызды кезеңдерінің бірі — егін ору және жинау науқаны өз мәресіне жетті. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Биыл облыс көлемінде 189,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 80,9 мың гектарға күріш дақылы себіліп, дәстүрлі Сыр маржанының мол өнім алуына бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Егін жинау жұмыстарына 4 мыңнан астам техника тартылып, техникалық база жыл сайын жаңарып келеді. Атап айтқанда, биыл өңірдің агропаркі 139 жаңа техникамен толықты.
Ауыл шаруашылығы саласын заманауи бағытта дамыту мен техникалық жарақтандыру өнім сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал етті.
Сонымен қатар, күріштен бөлек өзге де дақылдардан мол өнім жиналды. Атап айтқанда, 13 мың тонна дәнді дақыл, оның ішінде 5,6 мың тонна майлы дақылдар, картоп пен көкөніс өнімдері, 380 мың тонна бақша дақылдары, 358 мың тонна мал азығына арналған дақылдар қамбаға құйылды.
Биылғы аграрлық маусымда Сыр өңірінің шаруалары егін егу мен жинау жұмыстарына тың тәсілдер енгізіп, су үнемдеу технологияларын және жаңа сорттарды пайдаланудың тиімділігін көрсетті. Осы арқылы еңбек өнімділігі мен табыс көлемі артты.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта салада инновациялық технологияларды енгізу, агротехникалық паркті жаңарту, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жүйелі жалғасады.
Қызылорда облысының диқандары дәстүрлі еңбек маусымын жоғары көрсеткіштермен аяқтап, Сыр өңірінің ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсімін тағы да дәлелдеді.