АРАЛДА ЖҰМЫС ІЗДЕУШІ ЖАСТАРДЫҢ 82%-Ы ЖҰМЫССЫЗ ЖҮР
Аралда жұмыс іздеп жүрген жастардың қарасы қалың. Бірақ тұрақты жұмысқа жеткендері санаулы. Жыл басынан бері аудандық Мансап орталығына 1 744 жас жұмыс іздеп жүгінген. Соның 305-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл – шамамен 17,5 пайыз. Ал қалған жұмыс іздеуші жастардың 82,5 пайызы жұмыссыз деген сөз. Бұл туралы Opennews.kz ақпараттық агенттігі «Толқын» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Яғни, жұмыс іздеп барған әр алты жастың біреуі ғана тұрақты қызметке іліккен. Ал қалғандарының мәселесі қайда кетті? Қағаздағы есептен шығып, өмірдегі жұмысқа кірді ме, әлде кезекті бағдарлама кезегін күтіп отыр ма?
Аудандық «Толқын» газетінің мәліметінше, тағы 172 жас қоғамдық жұмысқа, 115 жас жастар практикасына, 110 жас «Жасыл ел» бағдарламасына жіберілген. Мұның бәрі жастарды еңбекке тартуға бағытталған шаралар. Бірақ бір мәселе бар, уақытша жұмыспен тұрақты жұмыстың арасы жер мен көктей.
Жастар практикасы аяқталған соң не болады? Қоғамдық жұмыс мерзімі біткенде жас маман қайда барады? «Жасыл елдің» маусымы жабылғанда еңбек нарығында оған қандай мүмкіндік қалады?
Ең қызығы – 1 744 жас жұмыс іздеп келсе, олардың 305-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал қалған жастардың нақты қазіргі мәртебесі туралы мәлімет қоғамға толық түсінікті ме?
Бұл жерде мәселе Мансап орталығын кінәлауда емес. Негізгі сұрақ – Арал ауданында жастарды тұрақты жұмыспен қамтитын нақты жұмыс орындары жеткілікті ме?
Өйткені жастарды бір бағдарламадан екіншісіне өткізіп, статистиканы түрлендіру бір бөлек, ал жасқа ай сайын жалақысы төленетін, ертеңі бар тұрақты жұмыс табу мүлде бөлек әңгіме.
Қаз
Рус






