ЖАЛАҒАШТА ТҮНГІ РЕЙД ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

1 505

ЖАЛАҒАШТА ТҮНГІ РЕЙД ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі профилактикалық рейдтік жұмыстар жүргізілді.

Аталған іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, білім бөлімінің мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және белсенді ата-аналардан құралған «әкелер кеңесінің» мүшелері қатысты. Бірлескен топтар аудан аумағындағы қоғамдық орындарды, ойын-сауық орталықтарын, саябақтарды, көшелерді және компьютерлік клубтарды аралап, бақылау жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында кәмелетке толмағандардың заңсыз түнгі уақытта жүру фактілерінің алдын алу, сондай-ақ ата-аналар тарапынан бақылаудың әлсіреуіне жол бермеу мәселелері басты назарға алынды. Балалар мен жасөспірімдерге және мекеме иелеріне қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың:

– сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз болуы;

– сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін тұрғынжайдан тыс жерде жүруі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілді.

Жауапты мамандар тарапынан мұндай құқықбұзушылықтар қайталанған жағдайда әкімшілік шаралар қатаңдатылатыны, ата-аналар мен заңды өкілдерге айыппұл салу көзделгені айтылды.

Рейдтік іс-шаралар барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейбір нысан иелеріне заң талаптарын сақтау жөнінде ескертулер берілді. Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы тәртіпті нығайтуға бағытталған. Алдағы уақытта да рейдтік жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Құрметті ата-аналар!

Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, әсіресе түнгі уақытта қараусыз қалдырмау – әр ата-ананың жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн.