Жалағашта әскерге шақыру мәселесі қаралды

1 532

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанының барысына арналған мәжіліс өтті. Жиынға тиісті бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, ауылдық округ әкімдері отырысқа селекторлық байланыс арқылы қосылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Күн тәртібі – әскерге шақыру науқанының сапалы ұйымдастырылуы

Мәжілісте ағымдағы жылы жүргізіліп жатқан әскерге шақыру жұмыстарының барысы қаралып, жауапты органдардың есебі тыңдалды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміәскерге жарамды азаматтарды медициналық тексеру, шақыру тізімдерін нақтылау, шақырылушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу бағытындағы шаралар туралы ақпарат берді.

Ардақ Ибраимов өз сөзінде мерзімді әскери қызмет – елге деген патриоттық сезімнің, ер-азаматтың жауапкершілігі мен азаматтық борышын өтеудің маңызды қадамы екенін атап өтті.

«Әскерге шақыру науқанын сапалы, уақытылы және заң талаптарына толық сәйкес жүргізу – ауданның ортақ міндеті. Әрбір шақырылушы азаматпен жеке жұмыс жүргізу, оның дайындық деңгейін, отбасы жағдайын жіті назарға алу қажет. Отан алдындағы міндеттің мәнін түсіндіру – бізге жүктелген маңызды жауапкершілік», – деді аудан әкімі.

Ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді

Мәжіліс барысында ауылдық округ әкімдеріне және тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда:

  • аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен бірлесіп,
  • әскерге шақырылуы тиіс азаматтарға түсіндіру жұмыстарын күшейту,
  • тұрғындармен жеке кездесулер өткізу,
  • жастардың әскери қызметке деген ынтасы мен жауапкершілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, жастар саясаты бөлімдері мен білім беру ұйымдарына патриоттық тәрбие бағытындағы іс-шараларды күшейту қажеттігі айтылды.

Науқанның уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда

Аудан әкімі күзгі әскерге шақыру жұмыстарының толық әрі дер кезінде орындалуын қамтамасыз ету үшін жауапты мекемелерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Отырысты қорытындылай келе, Ардақ Ибраимов барлық бөлімдер мен ауылдық округтер арасында үйлесімді жұмысты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.