Қызылордада тісін жұлдыртқан 5 жастағы қыз мүгедек болып қалған

2 576

Қызылордалық 5 жастағы Аяулым тісін жұлдырамын деп мүгедек болып қалды, деп хабарлады "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ASTANATV арнасына сілтеме жасап.


Анасының айтуынша былтыр қыркүйекте мемлекеттік тіс емханасына қызының тісі ауырған соң алып барған. Тіс дәрігері тісін жұлып, үйіне қайтарыпты. Бірақ ісіну мен ауырсыну үдей түсті дейді анасы. Артынша, арнайы мамандар Аяулымның жағы іріңдеп, шіріп жатқанын айтқан.


Аяулымның тісін жұлдырғанына бір жыл өтсе де зардабын әлі тартып отыр. Себебі ірің жағына дейін жайылып, 8 айда 3 ота жасатқан. Алғашқы операция Қызылордада жасалғанымен нәтиже болмапты. Анасы сондықтан Алматыға алып баруға мәжбүр болдым дейді. Ал алматылық дәрігерлер кішкентай қыздың жағы шіріп жатқандықтан, құлақ түбіндегі негізгі бөлігін кесіп алып тастауға мәжбүр болған. Енді жақ сүйектің қайта өсетініне кепіл жоқ депті мамандар.


«Мына жері жоқ қой қазір. Бұл жер өсу өспеуі белгісіз болып тұр. Өспеу қалған жағдайда операциямен теңестіреміз деді. Негізі дұрыс анализ жинамаған. Зерттеу жүргізбеген. Солай тісін жұлған. Тісін жұлғаннан кейін осындай асқыну болып отыр. Негізі бұндай диагнозбен барғанда, тіс дәрігері, ортодонттар или хирургтар жұмыс жасау керек екен. Ал менің қызыма орта білімді дантист қызмет көрсеткен», – дейді қыздың анасы Гауһар Ермағанбетова.

Медициналық және формацевтикалық бақылау комитеті аталмыш жағдайға байланысты тиісті диагностикалық тексеріс толыққанды жүргізілмеген деген қорытынды шығарған. Тіпті баланың тісін дантист жұлуға болмайтынын айтқан. Ал ақ халаттылар өздеріне шаң жуытпай отыр.

«Сол кезде қолданыста жүрген стандарт бойынша 10/53 пантеисттің құқығы бар болатын. Шұғыл түрде көмек көрсететін тіс дәрігері деген болады. Сол тараппен көрсетілген. Ал осы жылы ақпан айында шыққан стандартта ол қызмет түрі алынып тастаған. Егерде тағы да тістері ауырып жатқан болса, жағдайы нашарлап жатқан кезде әрдайым көмегімізді көрсетуге дайынбыз», – деді қалалық орталық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Садықова.

Қазір Аяулым үйінде ерекше күтіммен отыр. Тіпті мектеп алды даярлық тобына да бара алмай қалды. Ал анасы кінәлілердің жазасыз қалғанына наразы.