ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ ӨТТІ

1 512

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-ші сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері, сондай-ақ мәслихат төрағалары онлайн байланыс арқылы қосылды.

Сессия басталар алдында жиынға қатысушылар Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кезектен тыс сессияны облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов жүргізді. Жиынның күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты алты мәселе енгізілді.

Отырыста 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту, тұрғынжай реновациялау бағдарламасы, облыс әкімдігі жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамын бекіту, сондай-ақ облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау мәселелері қаралды.

Сессия барысында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді атап өтті.

«Қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қамтамасыз етіліп, аймағымыз республикада алдыңғы қатардан көрінді. Қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биылға 789 млрд 200 млн теңге инвестиция тарту жоспарланды», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, инвестиция көлемін арттырумен қатар, өңірде экономиканың негізгі салаларын дамытуға және жаңа өндірістерді іске қосуға басымдық беріліп отыр. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және облыс экономикасының тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

Жиында өңірдің қаржылық мүмкіндіктеріне де назар аударылды. Жыл басында облыс бюджеті 705 млрд 548 млн теңге көлемінде бекітілген. Нақтылау жұмыстарының нәтижесінде өңір бюджеті 811 млрд 467 млн теңгеге дейін ұлғайды.

«Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуда», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы өңірдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді шешудің маңызды тетігі болып отыр. Атап айтқанда, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу және жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Сессияда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға да ерекше тоқталды.

Облыс әкімдігі мен «КазАтомӨнеркәсіп» компаниясы арасында өңір аумағында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылған. Осы келісім аясында Жаңақорған ауданының Ақжол ауылында 150 орындық клуб, Жаңақорған кентінде емхана және Шиелі ауданының Бәйтерек ауылында заманауи спорт кешені салынуда.

Аталған жобаларды іске асыруға «КазАтомӨнеркәсіп» компаниясының қаражаты есебінен 1 млрд 677 млн теңге бөлінуде.

Бұл нысандардың салынуы елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және ауылдық жерлердегі халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.

Атап айтқанда, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С. Мырзабек 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке қатысты ақпарат берді. Бюджеттік жоспарлау барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары, халықтың қажеттіліктері және алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер ескерілгені айтылды.

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы Е. Бәкіров кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамына қатысты баяндама жасады. Комиссия жұмысының негізгі бағыттары балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тиісті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіруге бағытталған.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы А. Әнуар тұрғынжай реновациялау бағдарламасы және облыс әкімдігі жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамына қатысты мәселелерді таныстырды.

Тұрғын үй қорын жаңарту және азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – өңірдің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Реновациялау жұмыстары тұрғын үй инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуға және қалалық ортаның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Б. Ідірісов облыстық сайлау комиссиясының құрамына қатысты мәселе бойынша баяндама жасады.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Ә. Мұхамедияров та күн тәртібіндегі мәселелердің бірі бойынша ақпарат берді.

Сессия барысында ұсынылған мәселелер жан-жақты талқыланып, депутаттар тарапынан тиісті ұсыныстар айтылды. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-ші сессиясында қаралған мәселелердің басым бөлігі өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді мекендердегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Алдағы кезеңде де облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен жұмысы жалғасып, өңірдің даму басымдықтарына сәйкес әлеуметтік және экономикалық міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға басымдық беріледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.