Қызылордада ауыл шаруашылығы саласына $650 млн инвестиция: Берік Асылов түрік инвесторымен кездесті
Қызылордада ауыл шаруашылығы саласына $650 млн инвестиция: Берік Асылов түрік инвесторымен кездесті
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов еліміздің агроөнеркәсіптік секторына ірі инвестиция тарту мәселелері бойынша Гюнай Гокалппен кездесу өткізді. Ол – «Alsera KZ» ЖШС-нің директоры әрі Alarko Holding A.S. компаниялар тобының өкілі. Аталған холдинг Түркияда және шетелдерде жеті түрлі бағытта жұмыс істейтін, 7,5 мыңнан астам қызметкерді біріктіретін ірі халықаралық кәсіпорындардың бірі саналады.
Кездесу барысында инвестор Шымкент қаласында жүзеге асырылуы жоспарланған ауқымды жобаны таныстырды.
Жоба аясында жалпы құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын заманауи жылыжай кешенін салу және оны тиімді пайдалану көзделіп отыр. Бұл кешен жыл он екі ай бойы көкөніс өнімдерін өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялармен жабдықталады.
Аталған бастама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, бірқатар маңызды міндеттерді шешуге ықпал етеді. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашу, озық агротехнологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту көзделуде. Сонымен қатар, өндірілген өнімді ішкі нарықпен қатар экспортқа шығару мүмкіндігі де қарастырылуда.
Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін өзекті болып отырған мәселелерді де талқылады. Соның ішінде шетелдік экспорттаушыларға жеңілдетілген рұқсат беру рәсімдеріне байланысты туындайтын экономикалық тәуекелдер, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін сақтау және нарықтағы
теңгерімді қамтамасыз ету жайы сөз болды.
Инвестор өз сөзінде Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимыл орнағанын атап өтті. Әсіресе, Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық прокуратура органдары тарапынан көрсетілетін қолдауға жоғары баға берілді. Бұл құрылымдар жобаларды барлық кезеңде құқықтық тұрғыда сүйемелдеп, әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал ететіні айтылды.
Өз кезегінде Берік Асылов инвесторлардың құқықтарын қорғау мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, арнайы комитет бизнес субъектілерінің өтініштеріне жедел жауап беріп, құқықтық қолдау көрсетеді және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын әкімшілік тосқауылдарды азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді.
Сонымен қатар, Бас Прокурор елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында белсенді қадағалау және тәуекелдерді цифрлық мониторингтеу тетіктері енгізіліп жатқанын жеткізді. Бұл шаралар инвесторлар үшін ашық, тұрақты және болжамды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша инвестор көтерген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жан-жақты зерделеу тапсырылды. Сондай-ақ бизнес пен ұлттық экономиканың мүдделерін теңгерімді түрде қамтамасыз ететін жүйелі шешімдер әзірлеу қажеттігі атап өтілді.
Жалпы, мұндай ауқымды инвестициялық жобалар Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосады деп күтілуде.







