Қызылордада 154 азаматты алдаған алаяқ сотталды
Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет арқылы алаяқтық жасап, республика бойынша 154 азаматты алдап соққаны үшін сотталған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Келтірілген шығын көлемі шамамен 12 миллион теңге.
Қызылорда қаласының тұрғыны "А" 2026 жылғы 6 наурыздағы сот үкімімен интернет-алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Тергеу материалдарына сәйкес, ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге 2024 жылы Instagram әлеуметтік желісінде жалған парақша ашқан.
Алаяқтар азаматтарға "салған қаражаттарыңызды еселеп қайтарамыз" деп уәде беріп, олардың ақшаларын иемденген. Заңсыз әрекет барысында "1XBETKZ" букмекерлік кеңсесі мен "Wooppay Wallet" төлем жүйесі пайдаланылған. Осылайша, еліміздің әр өңірінен 154 адам алданып, жалпы келтірілген материалдық шығын шамамен 12 миллион теңгені болған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтеген. Осыған байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды. Қазір сотталған азамат тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр. Сот үкімі заңды күшіне енген.







