Шиеліде аудан әкімі әлеуметтік нысандар мен жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді

2 287

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметіШиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Шиелі кенті аумағындағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысымен танысты. Сапар барысында аудан басшысы тұрғындармен тілдесіп, көтеріліп жатқан мәселелерге құлақ асты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тұрғын үйлердің шатыры жаңаруда

Алдымен әкім Яссауи және Есабыз көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Жөндеу жұмыстарын «Ақбозат LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, аудан басшылығына алғыс айтты.

Көше жолдары күрделі жөндеуден өтуде

Келесі нысан – Жайлыбаев және Жүргенов көшелері болды. Мұнда автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған көшелерде жаңа асфальт жабындысы төселіп, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы және көше жарықтандыру жүйелері орнатылуда.

Аудан тұрғындарының ұсыныс-тілектері ескеріліп, алдағы уақытта Д.Смайылов көшесіне де осы тектес инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілетін болады.

Аурухана алдындағы автотұрақ кеңейтілуде

Сондай-ақ, аудан басшысы аудандық аурухана алдындағы автотұрақтың кеңейтілу жұмысымен танысты. Бұл жоба арқылы медициналық мекемеге келушілерге қолайлы жағдай жасалады. Құрылыс жұмыстарын «Ақнұр-Авто» ЖШС жүргізуде.

Сапа мен мерзім – басты назарда

Тексеру барысында Айтбай Қайруллаұлы мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапалы, уақытылы және тұрғындарға ыңғайлы болуын басты талап ретінде қойды. Аудан әкімі атқарылып жатқан істердің халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Аудан көлемінде қолға алынған бұл инфрақұрылымдық жобалар – тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасауға, қауіпсіздік пен жайлылықты арттыруға бағытталған. Жөндеу және құрылыс жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.