ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ЖЕКЕ МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІ ӘДІЛДІК ІЗДЕЙДІ
Қызылорда қаласындағы ірі жеке білім беру мекемелерінің бірі – «Orda School» мектебінің мұғалімдері тарапынан еңбек заңнамасы талаптарының сақталмауына қатысты шағым түсті. Қала бойынша 3 мектебі және онда 190-ға жуық мұғалімі бар білім ұясының ұстаздары еңбек демалысы ақысының уақытылы төленбегеніне және жалақының кешіктірілуіне наразы, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Әлеуметтік желіде жариялаған Акылбек Ибраевтың жазбасында мұғалімдер ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шыққандарын, алайда заң бойынша тиесілі қаражатты әлі күнге дейін ала алмай отырғандарын алға тартады.
Мұғалімдердің айтуынша, мамыр айында өткен педагогикалық кеңесте мектеп басшылығы қаржылық қиындықтарды алға тартқан. Нақтырақ айтқанда, 100-ге жуық оқушының ата-анасы оқу ақысын уақытылы төлемегені және жеке мектептерге құрылыс нысандары үшін берілетін мемлекеттік төлемнің 8 жылдан кейін тоқтатылуы себеп ретінде көрсетілген. Шағымданушылар бұл жағдайдың өздерінің әлеуметтік жағдайына кері әсер етіп, несие төлемдері мен емделу шараларының кешігуіне әкеліп соққанын айтып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен тиісті органдардан еңбек құқықтарының қорғалуын сұрайды.
Мектеп басшылығының жауабы: «Қаржылай міндеттемелер толық орындалады»
Туындаған мәселеге байланысты біз «Orda School» мектебінің директоры Рауаш Алиеваға хабарласып, жағдайдың мән-жайын білдік. Мектеп басшысы айтылған уәждерге қатысты өз түсініктемесін беріп, мұғалімдердің құқығы шектелмейтінін жеткізді.
Мектеп директорының мәліметінше, қазіргі таңда қызметкерлер мамыр айының жалақысын толық көлемде алған. Сонымен қатар, маусым айының айлығын төлеу процесі басталып кеткен, ал шілде айының 20-сына дейін келесі айдың да жалақысы аударылмақ. Рауаш Алиеваның түсіндіруінше, дәл осы екі айдың жалақысы қызметкерлердің еңбек демалысының ақысы ретінде есептеледі.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ақысы демалыс басталудан күнтізбелік 3 күннен кешіктірілмей төленуі тиіс. Егер еңбек демалысы жұмыс уақытының графигінен тыс берілсе, төлем ол басталған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалуы керек. Осы ретте жеке білім беру ұйымдарының ішкі қаржыландыру тетіктері мен мемлекеттік тапсырыс ерекшеліктері еңбек заңнамасының жалпы талаптарын айналып өтуге негіз бола алмайды.
Қазіргі уақытта тараптардың уәждері әртүрлі. Мұғалімдер төлемдердің заңды мерзімінде берілмеуін және ақпараттың кеш ескертілуін айыптаса, мектеп әкімшілігі ішкі есеп айырысу ерекшеліктеріне байланысты қаржының кезең-кезеңімен толық төленетініне кепілдік беріп отыр.







