ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АНА: «ҚЫЗЫМНЫҢ МӘЙІТІН БӨТЕН ЕРКЕККЕ БЕРІП ЖІБЕРГЕН»
Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны шетінеген баласының мәйітін таппай қалған,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Адам қайтыс болғанда, түрі өзгеріп кеткпейтін шығар? Дерттен көз жұмған қызын жерлемек болған ана өз қызының денесін таппай қалған. Сөйтсе, қаладағы мәйітханалардың бірінде екі мүрдесі шатастырып, туыстарына ауыстырып беріп жібергенге ұқсайды. Осылайша қызылордалық азамат өз ұлын емес, өзгенің қызын ақтық сапарға аттандырып, жер қойнына табыстаған. Ең сорақысы мәйіттерді табыстағанда құжатқа қол қойып, мүрдені алған.
Бүгінде әлеуметтік желіде талқыға түсіп, қызылордалық тұрғындарды ғана емес барша қазақстандықтардың жағасын ұстатқаны жасырын емес. Анасының айтуынша, денсаулығы сыр берген соң мерзімінен бұрын босанған. Облыстық балалар ауруханасында бес ай бұрын дүние есігін ашқан Аяна тиісті ем-домын қабылдаған. Алайда суық хабарды аурухана қызметкерлері жеткізген.
«Маған дәрігерлер қыркүйектің 3-і күні хабарласты. Жүрегі тоқтап қалды деп. Бес ай бойы қызым тиісті емін қабылдады. Облыстық көпбейінді аурухананың мәйітханасынан мүрдесін алып кете аласыз деді. Барсам қызымды бөгде еркек «әкесі» деп қол қойып, мәйітін алып кеткені белгілі болды. Біз жергілікті полиция бөлімшесіне хабарласып, 5 сағатта әрең таптық. Тіпті ол кісі шатасып алып кетіп, тіпті жер қойнауына табыстаған. Қызымды қайта қазып алып,экспертизадан соң өзіме қайта табыстады.»,- деді анасы Айжан.
Бөгде кісіге мәйітхана қызметкерлері мүрдені оңды-солды табыстай беретін болғаны ма? Мәйіттерді ауыстырып салып жіберген қызметкерге қандай шара көрілмек? Қайғылы жағдайда салғырттық танытқан кім? Ең сорақысы осы күнге дейін қанша мәйіт қателікпен табысталғаны да белгісіз.
«Мен өз ұлымның мүрдесін алуға бардым. Шетінеген баланың денесіне келдім дегенімде қолыма ұстатып, қол қойдырып алды. Мен күнде мүрде арқалап жүргенім жоқ. Бергенін алып кеттім.»,- деді ұлдың әкесі Алимов.
Екі мүрдені шатастырып, алған кіші қызметкердің салғырттығы деп танаған мекеме басшысы бүгінде:
«Кіші қызметкерлердің жұмысына мәйітті алуға беруге және дәрігерге көмек беруге рұқсат етілген. Бүгінде орын алған оқиғаға байланысты қателік жіберген қызметкерге қатаң сөгіс жарияланып, басқа қызметке ауыстырылғандығын жеткіземіз.»,- деді Облыстық патология-анатомиялық бюросы» ММ әкімшілік бөлім мамандары.
Ал, полиция бұл іске қатысты жауапты адамдарды тергеу жүрзілуде екенін хабарлады.
Қазір туыстары бұл оқиғаның қайта қайталанбауы үшін жауапты мамандардың салғырттық танытқаны үшін тиісті жазасын алуын сұрайды.