ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЦИФРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысы аумағындағы жедел басқару орталықтарының жұмысымен танысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалардың барысын саралады.
Аймақ басшысына полиция департаменті мен жауапты сала мамандары өңірде енгізілген заманауи бақылау жүйелері, интеллектуалды қауіпсіздік кешендері және жасанды интеллект технологияларының тиімділігі жөнінде баяндады. Қазіргі таңда облыста қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында кешенді цифрлық инфрақұрылым қалыптасып келеді. Соңғы жылдары көшелер мен қоғамдық орындарды толық бейнебақылаумен қамту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Мамандардың мәліметінше, 2006-2016 жылдар аралығында Қызылорда қаласына 272 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде олардың барлығы тұрақты жұмыс істеп тұр және құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне мүмкіндік беруде. Камералар қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға, күдікті әрекеттерді дер кезінде анықтауға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар аудан орталықтарында да заманауи бақылау жүйелерін енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілген. 2024 жылы барлық аудандарда Жедел басқару орталықтары құрылып, аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріндегі ақпаратты қабылдау және тіркеу процесі толық автоматтандырылды. Бұл жүйе құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдетіп, тұрғындардың өтініштеріне жылдам әрекет етуге мүмкіндік берген. Жоба аясында өңір бойынша 539 бейнебақылау камерасы және 49 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы іске қосылған. Заманауи техникалық құралдардың көмегімен құқықбұзушылықтарды анықтау көрсеткіші айтарлықтай артқан. Өткен жылы осы жүйелер арқылы 65 қылмыс ашылып, 74 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 807 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде 27 қылмыс тіркеліп, 16 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Осы кезеңде 161 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар өткен жылы да жалғасын тапты. Қызылорда қаласына қосымша 1400 бейнебақылау камерасы орнатылып, 20 мекенжайда зияткерлік қиылыс жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар 58 мекенжайға стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылар қойылған.
Мамандардың айтуынша, интеллектуалды қиылыс жүйесі көлік ағынын бақылауға, жол қозғалысын тиімді реттеуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл жүйелер бағдаршамдардың жұмысын автоматты түрде реттеп, көлік кептелісін азайтуға ықпал етеді. Облыста жасанды интеллект функциясы енгізілген бейнеаналитикалық жүйе де іске қосылған. Жаңа технологиялар адамның қатысуынсыз күдікті әрекеттерді анықтап, құқық қорғау органдарына автоматты түрде хабарлама жібереді. Сонымен қатар Жедел басқару орталығы толық жаңғыртудан өтіп, заманауи цифрлық талаптарға сәйкестендірілген. Өткен жылы облыс көлеміндегі бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшегіш құрылғылар арқылы 371 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Соның нәтижесінде 4,7 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл көрсеткіштер цифрлық жүйелердің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы тиімділігін көрсетеді. Биыл өңірде жаңа буындағы «Sunqar» кешендері де іске қосылды. Қазіргі таңда қала орталығына 10 кешен орнатылған. Бұл құрылғылар жол қозғалысы ережелерін бұзудың бірнеше түрін автоматты түрде анықтай алады. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпау, белгіленген жылдамдықты асыру, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану және жаяу жүргіншілерге жол бермеу секілді құқықбұзушылықтар бірден тіркеледі. Жаңа кешендердің көмегімен биылғы жылдың алғашқы төрт айында 26 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш жаңа технологиялардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің маңызды екенін көрсетеді. Өңірде бұдан бөлек 23 «Ekin Patrol G2» мобильді жылдамдық өлшегіш құрылғысы жұмыс істейді. Олар негізінен жол патрульдік полициясының көліктеріне орнатылған. Осы құрылғылардың көмегімен өткен жылы 43 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған. Полиция департаменті қазіргі таңда 12 дрон құрылғысын да пайдалануда. Ұшқышсыз ұшу аппараттары республикалық маңызы бар автожолдардағы қауіпті учаскелерді бақылауға, жол қозғалысын қадағалауға және құқықбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында дрондардың көмегімен 48 құқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар өңірде Қазақтелеком акционерлік қоғамы жүзеге асырып жатқан «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы қолға алынған. Жоба аясында 6 ұшқышсыз ұшу аппараты пилоттық режимде іске қосылды. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе алдағы уақытта төтенше жағдайлардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті бақылауға және құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы цифрлық жобаларды кезең-кезеңімен жалғастыру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи технологияларды енгізу тұрғындардың қауіпсіздігін арттырумен қатар, құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін күшейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ облыс әкімі жауапты сала басшыларына цифрлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, бейнебақылау камераларының санын көбейту және шалғай елді мекендерді де қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Мамандардың пікірінше, өңірде жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға, құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта цифрлық бақылау жүйелері мен интеллектуалды технологияларды одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.







