ҚЫЗЫЛОРДА АУРУХАНАСЫНДАҒЫ СҰМДЫҚ

2 756

Фото: Opennews.kz ЖИҚарапайым үй ішінде құлап, жамбасын сындырып алған 53 жастағы әйелдің ауруханаға өз аяғымен кіріп, бір айдан бері реанимацияда ажалмен арпалысып жатқаны – сұмдық емей немене?!. Бұл туралы Opennews.kz ақпараттық агенттігі Threads әлеуметтік желісіндегі naziraass1 парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

     Оқиғаның хронологиясына көз жүгіртсек, медициналық ғажайыптың сорақы суреті шыға келеді. 2 шілде: Әйел үйде құлап, жамбас сүйегін сындырады. 3 шілде: Қызылорданың «Көпбейінді қалалық ауруханасында» ота жасалып, 10 шілдеде айығып кетті дегендей үйіне шығарылады.

     Алайда жағдайы жақсарудың орнына гемоглобині 50-ге дейін құлдырап, аяғында алып гематома пайда болады. 29 шілдеде 8 см болған ісік, 2 қыркүйекте 16 сантиметрге дейін ұлғайған. Дәрігерлер бұны байқамаған ба, әлде көрсе де көзге ілмеген бе?

     8 және 12 қыркүйекте жасалған операциялар қан кетуді тоқтата алмайды. Ақыры 22 қыркүйекте Астанадан арнайы мамандар шақыртылып, хирургтар қайтадан іске кіріседі.

     Сонда хаттама бойынша жасалған отадан кейін адамның гемоглобині 50-ге түсіп, іштен қан кетіп, реанимациядан шықпай қалуы «норма» болғаны ма?! «Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық» деген құрғақ сөз – реанимация есігінің алдында көз жасын төгіп отырған туыстарға жауап бола ала ма?

     Науқастың жақындары қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен бақылау органдарына арызданып, тәуелсіз сараптама жүргізуді, санавиациямен республикалық орталықтарға ауыстыруды және дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етуде.

     Осы шулы оқиғаға қатысты жауапты мекеме әлеуметтік желідегі посттың астына екі мәрте жауап берген. Алайда бұл екі жауаптың мазмұны екі түрлі болып, сұрақтарды азайтудың орнына одан бетер көбейте түсті.

     Алғашқы жауапта ресми өкілдер науқасқа кең көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтып, былай деп сендірген еді:

 «Сіздің жазбаңыз назарға алынды. Көпбейінді қалалық аурухана тарапынан пациентке медициналық көмек көрсету қолданыстағы клиникалық хаттамалар мен емдеу стандарттарына сәйкес жүзеге асырылуда. Республикалық деңгейде қажетті бейінді мамандардың консультациялары ұйымдастырылып, ота жасалып, тиісті медициналық көмек көрсетіліп, емдеу шаралары жүргізілді. Сонымен қатар, облыстың штаттан тыс бас хирург, травматолог мамандары тарапынан кеңес жасалуда. Қосымша түрде бірнеше мәрте телемедициналық консультациялар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда қайта Республикалық мамандар кеңесі жасалуда. Қазіргі таңда туысыңыздың денсаулық жағдайы дәрігерлердің қатаң бақылауында».

     Ал келесі жауапта жоғарыдағы мәліметтердің ешқайсысы айтылмай, тек құрғақ сөздермен шектелген:

  «Сіздің жазбаңыз назарға алынды. Көпбейінді қалалық аурухана тарапынан пациентке медициналық көмек көрсету қолданыстағы клиникалық хаттамалар мен емдеу стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады».

     Сонда қайсысы нақты ақпарат? Аурухана мен жауапты мекеме шынымен де республикалық деңгейде телемедицина мен білікті мамандарды тартып, науқасты бақылауда ұстап отыр ма, әлде екінші жауаптағыдай «хаттамаға сай» деген дайын сылтаумен мәселені жылы жаба салғысы келе ме? Бiр посттың астына екі түрлі ақпарат қалдыру – мекеменің өз сөзіне жауап бере алмайтынын әрі нақты жағдайды жасырып отырғанын аңғартпай ма?

     Денсаулық сақтау жүйесіндегі мұндай немқұрайлылық пен жауапсыздыққа қашан нүкте қойылады? Жауапты органдар бұл қайшылықтарды және ажал аузында жатқан науқастың жағдайын дереу өз бақылауына алуға тиіс!

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.