Қызылорданың бірнеше аймағы жарықсыз қалды

1 591

Фото: GPTҚызылорданың бірнеше аумағы кешеден бері жарық пен жылудан қағылды,- деп хабарлайды  Оpennews.kz ақпарат агенттігі. 

Өңірде қар аралас жаңбыр жауып, жел күшейген. Алайда тұрғындардың ашуын туғызғаны – ауа райы емес, оған дайындықтың жоқтығы.

Кешеден бері түнгі уақытта бірқатар ықшамаудандар қараңғылыққа батып, үйлер салқындап кеткен. Әлеуметтік желілерде ашу мен шарасыздыққа толы жазбалар көбейді. Әсіресе балалы отбасылардың жағдайы алаңдатады.

Тұрғындардың бірі түн ортасында былай деп жазды:
«Кешкі 22:00-ден бері жарық жоқ. Таң атса да жағдай өзгермеді. Үйде айлық бала бар. Үй суып кетті. Жаз бойы “апаттық жағдайға дайындық жүріп жатыр” деді. Сонда сол дайындық қайда?»

Кешеден бері жарықсыз отырған мыңдаған тұрғынның жанайқайын әлеуметтік желідегі жазбаларынан да байқауға болады. 

Қызылордалықтар бұл жағдайды бір реттік апат деп қабылдамайды. Олардың айтуынша, қалада жел соқса немесе жауын жауса – жарықтың өшуі қалыпты құбылысқа айналған. 

Ал жауапты мекеме кінәні ауа райынан көреді. Қызылорда электр тораптары компаниясы АҚ https://krek.kz/ таратқан ресми мәлімдемеде кешегі және бүгінгі жағдайдың басты себебі – қатты жел екені айтылған.

Компанияның хабарлауынша, жел салдарынан ағаштар сынып, электр желілеріне зақым келген, кей жерлерде жарық бағаналары құлаған. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшіп, мамандар кешеден бері тәулік бойы ақауларды қалпына келтірумен айналысып жатыр. Мекеме тұрғындардан түсіністік танытуды сұрайды.

Алайда халықтың қоятын сұрағы басқа.

Неге жыл сайын қайталанатын жел мен жауынға алдын ала дайындық жоқ?

Неге ағаштар дер кезінде кесілмейді, желілер жаңартылмайды?

Неге кешеден бері жарықсыз отырған тұрғындар тағы да «түсіністік танытуға» мәжбүр?

Бір тарап табиғатты алға тартады, екінші тарап жүйесіздікті айтып ашынады. Ал осы екі уәждің ортасында қарапайым халық кешеден бері жарықсыз, жылусыз отыр.

Егер бұл жағдай тағы да «ауа райының тосын мінезі» деген сылтаумен жабылса, Қызылордадағы инфрақұрылым мәселесі шешілмейтін созылмалы дертке айнала бермек. Халыққа уәде емес, нақты нәтиже керек.