ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚР Президентінің кеңесшісі Бақытжан Сапиевтің төрағалығымен кеңес өтті,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Президентінің кеңесшісі Бақытжан Сапиевтің төрағалығымен кеңейтілген форматтағы жұмыс кеңесі өтті. Жиынға өңірлердің жауапты өкілдері селекторлық режим арқылы қатысып, экология, туризм және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Кеңестің негізгі күн тәртібінде «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының іске асырылу барысы, туристік дестинацияларды дамыту, мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу жоспары, сондай-ақ экологиялық парктер құру және табиғатты қорғау шараларын күшейту мәселелері қаралды.
Кеңес барысында өңірлердегі атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жасалып, экологиялық мәдениетті арттыру, жасыл аймақтарды көбейту және туризм саласын жаңа деңгейге көтеру міндеттері айқындалды.
Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысып, өңірдегі туризм саласының дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және экологиялық бастамалар жөнінде баяндама жасады.
Аймақтың туризм саласындағы көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысына келген туристер саны 212 278 адамға жетіп, бұл көрсеткіш 25,4 пайызға артқан. Ал туристік қызмет көрсету көлемі 3 млрд 288 млн теңгені құрап, 42,8 пайыздық өсімді көрсеткен. Бұл өңірдің туристік әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтайды.
Туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар жүзеге асырылуда. Қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен «Қорқыт ата әуежайында» үш тілде ақпарат беретін заманауи виртуалды карталар мен QR код жүйелері орнатылып, келушілер үшін навигация жеңілдетілді.
Сонымен қатар өңірде заманауи музей ашылып, қалалық және аудандық демалыс парктері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында халық көп шоғырланатын орындарға 15 дана 102 және SOS дабыл батырмалары орнатылып, жедел әрекет ету жүйесі күшейтілді.
Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында 5 және 3 жұлдызды IBIS Qyzylorda және Pana қонақ үйлерінің құрылысы бар. Сондай-ақ аудан орталықтарындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде.
Туристендіру картасына енгізілген 13 негізгі нысан бойынша нақты іс-шаралар қолға алынып, оларды дамытуға бағытталған кешенді жоспарлар іске асырылуда. Жергілікті бюджет есебінен Жосалы кентінен Марал баба кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жол толықтай жөндеуден өтті. Бұл қасиетті орынға келуші зиярат етушілер үшін қолжетімділікті айтарлықтай жақсартты.
Аймақтағы ерекше жобалардың бірі – Байқоңыр қаласындағы зымыран ұшырылымын тамашалауға арналған 400 орындық заманауи киіз үй форматындағы бақылау пунктінің ашылуы болды. Бұл нысан туристерге ғарыштық ұшырылымды қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдайда көруге мүмкіндік береді және өңірдің туристік брендіне айналып отыр.
Сонымен қатар еліміздегі алғашқы «Арал геопаркі» құрылды. Бұл жоба табиғи және геологиялық мұраны сақтау, аймақтың экологиялық тепе-теңдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ геотуризмді дамыту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Геопарк өңірдің ерекше табиғи байлығын халықаралық деңгейде танытуға жол ашады.
Кеңес қорытындысында экологияны қорғау мен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, инвестиция тарту және халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Барлық жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріліп, орындалу барысы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.
Фото: © Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







