ҚЫЗЫЛОРДАДА «TURǴYNDAR AMANATY» ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ФОРУМ ӨТТІ

1 509

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, AMANAT партиясы хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандарының қатысуымен «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында ауқымды форум өтті. 

Маңызды басқосуда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды.

Форумның негізгі мақсаты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы түйткілдерді ортаға салып, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру, тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ тұрғын үй қорын жаңғырту бағытындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыру болды. Жиынға сала мамандары, пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері, тұрғындар және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Форум барысында облыс әкімі өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бүгінде қала тұрғындары аталған жобаның нақты игілігін көруде. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізуде.

Аймақ басшысы тұрғын үй қорын жаңарту мәселесі тұрақты бақылауда екенін айтып, соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға нақты тоқталды. Оның айтуынша, соңғы үш жыл ішінде 3 млрд 500 млн теңге қаржыға 65 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар аясында үйлердің шатырлары ауыстырылып, инженерлік желілері жаңартылып, кіреберістері мен жертөлелері ретке келтірілген. Нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігі артып, үйлердің пайдалану мерзімі ұзартылуда.

Сонымен қатар Қызылорда қаласында 1 млрд 775 млн теңге қаржыға 60 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельдермен қапталған. Бұл бастама шаһардың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, үйлердің жылу сақтау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда қосымша 4 млрд теңгеге тағы 70 тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қала келбеті жаңарып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптасады деп күтілуде.

Форумда аулаларды абаттандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары демеушілер есебінен тұрғын үйлердің аулаларына 80 спорт және ойын алаңы орнатылған. Бұл балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасауда. Заманауи үлгіде салынған алаңдар бүгінде тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.

Жиында экологиялық мәселелер де кеңінен сөз болды. Облыс әкімі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру, қоршаған ортаны таза ұстау, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Аймақ бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаш көшеттері отырғызылуда, саябақтар мен қоғамдық орындарды күтіп ұстау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мұндай бастамалар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға ықпал етеді.

– Форум аясында көтерілген бастамалар еліміздегі және Сыр өңіріндегі тұрғын үй саласының дамуына оң серпін береді деп сенемін. Басты мақсат – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Басқосуда Ержан Жылқыбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту – халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, партия тарапынан тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назарға алынып, саладағы жүйелі мәселелерді шешуге басымдық берілуде.

Ал Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов заңнамалық тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғын үй қатынастарына қатысты жаңа бастамалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар халықтың коммуналдық қызметтерге қатысты талап-тілектері әрдайым назарда болатынын жеткізді.

Форум барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Тұрсынбайұлы, «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ департамент директоры Марғұлан Жеңісұлы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинұлы, Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Сәбитұлы және Пәтер иелері ассоциациясының Қызылорда қаласы бойынша төрайымы Ілімжаухар Кеңесқызы баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.

Жиын соңында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, көпқабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды. Форумға қатысушылар мұндай ашық пікір алмасу алаңдарының маңызы зор екенін айтып, тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, жүйелі жұмыстар жалғасуы қажет екенін атап өтті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.