ҚЫЗЫЛОРДАДА ҰЛТТЫҚ КІТАП ЖӘНЕ КІТАПХАНАШЫЛАР КҮНІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

1 510

Биылдан бастап елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне өзгеріс енгізіліп, 23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні болып ресми түрде белгіленді. Бұл шешім қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға, рухани құндылықтарды дәріптеуге және кітапханашы мамандығының беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Осы атаулы күнге орай Қызылорда облысында бірқатар мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, мереке кең көлемде аталып өтті. Соның бірі – Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифинг болды. Брифинг барысында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Сапар Көзейбаев кітапханашылар күні мен жалпы кітап мәдениетінің қоғамдағы рөлі туралы кеңінен баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Спикер өз сөзінде Мемлекет басшысы ұсынған «Кітап оқитын ұлт» жобасының стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама тек кітап оқуға шақыру ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға және рухани дамуына ықпал ететін кешенді бағдарлама болып табылады.

Қазіргі таңда облыстық кітапхана қорында 4,5 миллионға жуық кітап сақталған. Бұл – өңірдің рухани және мәдени әлеуетін айқындайтын ірі көрсеткіштердің бірі. Кітапхана қоры жыл сайын жаңа әдебиеттермен толықтырылып, оқырмандарға қолжетімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, соңғы жылдары аудан орталықтарында жаңа руханият орталықтары ашылып, 7 аудандағы кітапханалар толықтай жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды және халық игілігіне берілді, – деді Сапар Әлиасқарұлы.

Оның айтуынша, кітапханаларды жаңғырту тек ғимараттарды жөндеумен шектелмейді. Сонымен қатар цифрлық технологияларды енгізу, электронды кітап қорын дамыту, оқырмандарға онлайн қызмет көрсету жүйесін жетілдіру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл өз кезегінде кітапханалардың қолжетімділігін арттырып, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын күшейтеді.

Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде үш президенттік кітапхана салынатынын, оның біреуі Қызылорда қаласында бой көтеретінін атап өткенін еске салды. Бүгінде осы маңызды нысанның іргетасы қаланып, капсуласы салынған. Бұл жоба өңір үшін ғана емес, жалпы ұлттық руханият үшін үлкен жетістік әрі тарихи оқиға ретінде бағалануда.

Ұлттың болашағы – білім мен ғылымда, ал оның негізі – кітап оқу мәдениетінде жатыр. Сондықтан кітапханалардың қызметін жаңғырту, оқырман санын арттыру және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Кітапханашылар күніне орай ұйымдастырылған апталық іс-шаралар да осы мақсатқа бағытталған, – деді кітапхана директоры.

Мерекелік апталық аясында аудандық және қалалық кітапханашылар белсенді түрде қатысып, түрлі тақырыптық көрмелер, шығармашылық кездесулер және ашық есік күндерін ұйымдастыруда. Сонымен қатар оқырмандарға арналған әдеби байқаулар, жас ақын-жазушылармен кездесулер, танымдық дәрістер мен зияткерлік ойындар өткізіліп жатыр.

Айта кету керек, мереке аясында өңір кітапханаларында мәдени-танымдық іс-шаралар, кітап көрмелері, әдеби кештер мен зияткерлік жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бастамалар кітаптың қоғамдағы орнын нығайтуға, жастарды білім мен парасатқа баулуға және рухани дамуға жол ашуға бағытталған.

Жалпы, Ұлттық кітап және кітапханашылар күнін атап өту – тек мерекелік шара ғана емес, ол қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға, рухани жаңғыруды тереңдетуге және кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеруге арналған маңызды қоғамдық бастама ретінде өз жалғасын табуда.


Фото:© Өңірлік Коммуникациялар Қызметі